Әлем саясатындағы ахуал күрделеніп бара жатқан кезеңде еліміздің мерзімінен бұрын президентін сайлап, бекітіп алғаны дұрыс деп білем. Сол себепті биыл қарашада өткелі тұрған кезектен тыс президент сайлауын қолдаймын. Іргелі саяси реформалар бағытын белсенді өрбітіп жатырмыз. Қазіргі қарқыннан таймай, алдағы уақытта да осындай оң өзгерістерді жалғастырғанымыз абзал, дей ді жазушы, мемлекет қайраткері Әкім Ысқақ.
Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуден шикілік іздеудің қажеті жоқ. Өйткені президент 7 жылды қамтитын бір мерзімге ғана сайланады. Әрі қарай билікті лайықты адам алып отырады. Бұл – біз көп айтатын дамыған Батыс елдерінің саяси жүйесіне жақын форма. Кәрі құрлық елдері осы арқылы демократияны нық орнатты. Міне, біз де көп ұзамай бірінші кезекте халықтың мүддесі мен жағдайын ойлайтын мемлекетке айналуымыз тиіс. Әділетті қоғам құру ісінде халық та өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Алдағы сайлауда жасы бар, кәрісі бар, жұрттың белсене қатысып, саяси өзгерістерге қолғабыс ететініне сенімім мол. Сенім – тұрақтылықтың негізі. Соңғы саяси өзгерістерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Бастамашы болып, елдің, мемлекет билігінің нығаюына жанын салып жүр. Өзінің әлі 2 жыл уақыты барын біле тұра, сайлау өткізу туралы шешім қабылдауы – үлкен тәуекелге жасап отырғанының дәлелі.
Демократия – мемлекеттің дамуына септесетін негізгі күштің бірі. Еркіндік пен әділдік жолын таңдап отырған еліміздің келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Қазіргі саяси реформалардың барлығы болашақтың қамы үшін болып жатқаны даусыз.