АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы «Covid-19» Қытай үкіметі бақылайтын зертханада пайда болған деп санайды. Бұл туралы ФБР басшысы Кристофер Рэй мәлімдеді.
«ФБР біраз уақыттан бері пандемияның пайда болу себебіне зертханадағы жұмыс әсер еткен болуы мүмкін деген қорытындыға келді», – деді ол Fox News-ке.
Бұл ФБР-дің пандемиялық вирустың қалай пайда болғандығы туралы тергеуінің құпия болжамын алғаш рет ресми мәлімдеуі. Көптеген ғалымдар вирустың зертханадан шыққанына күмән келтіреді, деп жазды Azattyq Ruhy.
2021 жылы Қытай мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бірлескен тергеуі «вирустың зертханадан тарауы екіталай» деген байламға келді. Алайда бұл шешім біраз сынға ұшырап, содан кейін ұйымның бас директоры жаңа тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.
Сейсенбі күнгі сұхбатында Рэй «Қытай жаһандық пандемияның шығу себебін анықтауда тергеу жұмыстарын шатастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр» деді.
Бұған жауап ретінде Пекин Вашингтонды «саяси манипуляция жасады» деп айыптады.
«Олар жасаған тұжырымдар сенімді емес», – деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин.
Кейбір зерттеулер вирустың Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз және жабайы табиғи жануарлардың өнімдері сатылатын қалалық базарда жануарлардан адамдарға жұққанын көрсетеді. Аталған базар әлемдегі жетекші вирустық зертхананың жанында орналасқан.