arasha.kz

Даяшы болып қанша ақша табуға болады? Студенттің әңгімесі

Жастар арасында үлкен танымалдыққа ие болған даяшы жұмысы адамдарға қаншалықты пайдасын тигізеді? Сонымен қатар, официант болып жұмыс істеу барысында қаншалықты ақша табуға болады? Бүгін осы жайлы сөз қозғап, өз тәжірибеммен бөлісіп, даяшы болып істеген кездегі қызықтар жайттар жайлы айтпақпын.

Даяшы жұмысы қандай?

Жалпы даяшы болып жұмыс істегеніме 2 жыл болды. Банкеттер мен кафе/мейрамханада даяшы болып тәжірибе жинадым. Жұмыстағы ең қиыны банкеттер мен астарға шығу. Ол кезде физикалық жұмыс жоғары болады. Басында залды дайындаған кезде официант ұлдар үстелдерді тасиды, орындықтарды қояды. Ал қыздар сол уақытта ыдыс-аяқты дайындап, тамақтарды (салаттар/кәмпиттер/печеньелер) тәрелкелерге салып, бөледі. Үстелдер дайын болғаннан кейін, барлығы бірігіп тәрелкелерді, стақандарды және ас құралдарын сүртіп, қоя бастайды. Негізі біз оны 3 сөзбен сипаттаймыз. Ол “посуда” – ыдыс-аяқ, “металл” – ас құралдары және “стекло” – стақандар деп аталады.
Енді банкеттің барысына тоқталсақ, той басталмас бұрын салаттар мен «закускаларды» қою керек.

Әдетте олардың әр бірі 2 позициядан үстелге қойылады. Той басталғаннан кейін етті, яғни бесбармақты шығарады. Ол етті шығару үшін сенің қолың мықты болу керек. Шығарғаннан кейін, осы етті үстелге қойып, оны тұрау қажет. Сонымен қатар, қонақтардың тәрелкелеріне дәстүрлерге сай бөлу керексің. Тойдың ортасында антракт басталған кезде, 30-40 минут ішінде барлық ыдыс-аяқты жаңасына өзгертуге, сонымен қатар, өзің тамақ жеп үлгеруің керек. Тойдың соңына қарай, барлық ыдыс-аяқты жинап, үстелдерді сүртіп, (кейде шыны жуып) ақшаны алып, үйге қайта аласын. Қонақ ретінде банкеттерге қарасаң, кемінде 3-6 сағат жүреді. Ал, даяшы ретінде қарайтын болсаң, 12-14 сағатқа созылады.

Кафе мен ресторандағы даяшы жұмысы туралы айтатын болсақ, сенің жұмыс істеу уақытың тікелей мекемеге қатысты болады. Жұмысқа таңертең келгенде, біріншіден, барлық шаңды сүртуден бастайсың. Содан кейін, барлық ыдыс аяқты қойып, кухняға барасың. Аспазбен бірге бүгінгі мәзірді талқылайсың. Тамақтардан не жоқ, нені көбірек сату керек, қандай тағам қашан дайын болатындығын. Бармен/баристамен де солай. Қонақтар келе бастағанда оларды қарсы аласың, тамақтар мен сусындарын әкеліп, өзіңді жайдарлы ұстау керексің. Жабу кезінде ертеңге өзіңе ыңғайлы болу үшін барлығын қайтадан сүртесің және орындарына қоясың. Әдетте кафе мен мейрамханада жұмыс істейтін даяшылар толықтай айлық жалақы алады. Оларда көбінесе жалақы мен проценттер жүреді.

Даяшы қаншалықты ақша табуы мүмкін?

Барлығын қызықтыратын ақша мәселесіне өтсек, даяшының жалақысы 4 мыңнан басталады. Сенің табатын ақшаң тек сенің атқаратын жұмысыңа және жұмыс істейтін орныңа байланысты. Егер сен Астананың сол жағалауындағы кафелерде/банкет залдарында жұмыс істейтін болсаң, жалақың кемінде 8 мыңнан басталатын болады. Сонымен қатар, кейбір жерлерде сағат бойынша ақша табу мүмкіндігі бар. Сағатына даяшы 500-ден бастап ала бастайды. Жалпы даяшы болып жұмыс істейтін жас бала, ақшаның қадірін толықтай сезеді. Себебі ақшаның қиын еңбекпен келетінін түсіне бастайды. Мен кафе/ресторан даяшысы болып жұмыс істегенде 200 мыңдай ақша тапқан болатынмын (5/2 графигімен). Ал, банкеттерге шыққанда, айына 20 күн жұмыс істегенде 160 мыңдай табыс таптым.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Енді, даяшы болып жұмыс істеудің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталсақ. Сенің денең шынығады және төзімділік деңгейің артады. Коммуникациялық дағдыларын үйренесің. Көптеген өзіммен жасты адамдармен танысасың. Кейде қатарлас қана емес, үлкен “шышка” адамдармен қарым-қатынас жасай бастайсың. Алайда, таңғы 7-де үйден шығып, түнгі сағат 2-де ғана ораласың. Қонақтардан қорлау мен дөрекілікті, еңбегіңнін құнсыздануын және уақыт жетіспеушілігінен (паникадан) стресс алуың мүмкін. Бірақ, осыдан алған тәжірибең сенің өмірге деген көз-қарасың толықтай өзгертеді. Даяшы жұмысы әрбір жастың өмірінде болатын бір кезең. Ол этап сені адам ретінде өсіреді.

Банкет немесе кафе?

Банкетке шығып жұмыс істеу әлде бір кафе/ресторанға тұрақты тұруға болады. Екеуінің қайсысы тиімдірек?

Банкеттер көбінесе даяшылар үшін қызықтырақ және бұл салада жұмыс істей алатыныңды түсінуге көмектеседі. Бастау үшін, банкеттерге шығу тиімдірек. Банкеттер үшін көп нәрсе білу міндетті емес. Ал егер өзіңнің күшіңе толықтай сенімді болсаңыз. Бұл жұмыс сіз үшін жеңіл деп ойласаңыз, өзіңізді кафе/ресторан даяшысы ретінде көруіңізге болады. Бірақ, осы жұмыс үшін сіз барлық менюді толықтай білуіңіз керек. Сонымен қатар, қосымша басқа тілдерді білу артық болмайды.
Қорыта келе, даяшы болу қиын, бірақ табысты. Ақшаның қадірін түсіну үшін даяшы болып жұмыс істеп көрген қызық.

Аяулым Амангельдина
1 курс студенті

Exit mobile version