arasha.kz

Дәрігерлердің дәрежесі артуда

Соңғы екі жылдың ішінде Қазақстан медицинасы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Салада жүрген жас кадрларға қолдау көбейіп, ауылдағы мамандардың саны еселенуде. Мұның бәрі жауаптылардың көп нәрсеге зер салып, жүйелі жұмыс жүргузіге күш салғанын көрсетеді. Сонымен, дәрігерлерге қатысты қандай игі істер жасалғанын шолып шығайық.

Ауылда медицина алға басты

Қазір ауылға барған мамандар қаржылық тұрғыдан қиналмай, жұмысына еркін кірісе алады. Таяуда ғана Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылға жұмысқа келген дәрігерлерге төленетін көтерме жәрдемақының мөлшерін артқанын хабарлап, жас мамандарға жігер сыйлағандай болды. Осы күні ауылдарда 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды. Соның арқасында маман жергілікті аймақтарға тұрақтай алады. Оның үстіне ауылға келген әрбір дәрігерге 1 миллионнан 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді. Ал Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстары 3-5 миллион теңгеге дейін бөледі. Міне, ынталандырудың арқасында ауыл медицинасы шетте қалмай, ілге басуда.

Елімізде жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінбек, түлектерді өңірлерге бөлу жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, үш жыл ішінде резидентураға берілетін гранттардың санын жыл сайын 70 пайызға ұлғайту көзделіп отыр. Демек, маман тапшылығынан құтылатын күн алыс емес. Сонымен қатар «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда жергілікті атқарушы органдар өңірде аса тапшы мамандықтар бойынша 4 мыңға жуық резидентура грантын бөлуді жоспарлаған. Резиденттер ауылда міндетті практикадан өтетін пилоттық жоба да пысықталуда. Бастама жаман емес, биыл практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 1872 жас маман, оның ішінде ауылдарға 444 дәрігер барған екен.

Жалпы, елімізде медициналық білім беретін 9 жоғары оқу орны бар. Облыстардағы дәрігер тапшылығы медициналық университеттердің қарқынына байланысты. Қазақстанның тоғыз медициналық ЖОО-ның төртеуі Алматыда орналасқан. Енді қараңыз, Алматы қаласында тапшылық біраз жойылған. Жыл сайын өңірлердің медициналық кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысы көптеп бөлінеді. Мысалы, 2022 жылы мамандарды дайындауға 4700 орын, атап айтқанда: бакалавриатқа – 2700 орын, резидентураға – 1500 орын, магистратураға – 325 орын, докторантураға 160 орын бөлінді. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022 жылы 985 сұранысқа ие маманды даярлауға қаражат бөлу жоспарланған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде білім алған түлектер жыл сайын Мемлекеттік комиссия шешімімен өңірлерге жеке-жеке бөлінеді. Мәселен, 2021 жылы денсаулық сақтау ұйымдарының қажеттілігіне сәйкес, өңірлерге 3141 жас маман жіберіліп, ауылға 636 адам жөнелтілді. Биыл 2,9 мың түлек дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға қызмет етуге бармақ. Осылайша жас дәрігерлер ауруханаларға орналасып, еңбек жолын бастайды.

Жалақы жылдам өсуде

Бұл кезде дәрігерлердің жалақысы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ел Үкіметі кадр тапшылығын шешуде екі бағытқа аса мән береді. Біріншісі – медицина қызметкерлерінің әлеуметтік статусын түзеп, лайықты еңбекақы төлеу. Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл «Халық табысын арттыру» бағдарламасы қабылданғанын білеміз. Соған сай дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы жылма-жыл үздіксіз көтерілетін болады. Мысалы, биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 30 пайызға, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20 пайызға дейін артты. Жас мамандар бұған қарап келешегіне жақсы жоспар құра алады.

Әкімдіктер де бейжай емес. Дәрігер тапшылығын шешу үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесе бірқатар шараны қолға алуда. Нақтырақ айтсақ, қажетті медицина кадрларын мақсатты даярлауға арналған жергілікті атқарушы орган гранттарының санын өсіріп, жергілікті бюджетте әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларына арналған шығыстарды жүйелі жоспарлап, жас мамандарға тұрғын үй беру немесе жалға беру, көтерме жәрдемақыларын төлеу сынды жобаларды жүзеге асырып отыр. Бұған қоса, өңірлерде білім және ғылым ұйымдарының филиалдары ашылып, түлектерді қуантуда. Қазір Семей медицина университетінің Павлодар қаласындағы филиалы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Атырау, Ақтау, Қызылорда, Орал қалаларындағы филиалдары ашылып үлгерді. Бұның бәрі саланың болашағына сенімді ұлғайта берері хақ.

Міне, бұл игі істің бір нышаны ғана. Өңірлерде дәрігерлер көбейгенінің арқасында халықтың саулығы жақсарып, елдің көркеюіне септігін тигізеді. «Тәні саудың жаны сау» деп бекер айтылмағаны анық. Ауырмаған, сырқатына уақытында дауа тапқан елдің жақсылығы молая берері айдан анық. Сондықтан дәрігерлерге бағытталған қолдауды оң бағаласа болады.

Exit mobile version