31-10-22 |
2300 рет қаралған
«Дені сау ұлт»: өңірлердің өрлеуі басталды.
«Дені сау ұлт»: өңірлердің өрлеуі басталды

Қазіргідей кезеңде денсаулық сақтау саласының маңызды екені айтпаса да белгілі. Адам саулығы жауапкершілікті қажет етеді. Бірінші кезекте бұл мемлекеттің қауіпсіздігінің басты бағыты саналады. Қазақстан пандемиядан бері аталған салаға қаржы құюды тоқтатқан жоқ, біршама ресурс жұмсады, тың серпінге күш салып келеді. Үкімет 1 жыл бұрын «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын қабылдаған болатын. Содан бері ел оңды бастаманың игілігін көріп келеді.

Қолжетімді көмек көпке ортақ

Ең алдымен ұлттық жобаның мақсаты барша халыққа медициналық көмек пен ем-домды қолжетімді қылу екенін айтқан абзал. Аталған мақсат әуелдегі мәтінде айшықталған. «Дені сау ұлт» жобасы 4 бағыт бойынша іске асырылады. Біріншіден, қолжетімді және сапалы медициналық көмек. Жұртшылық медициналық көмекпен уақытында қамтылып отырса, ауруы асқынғандар аз болатынын даусыз. Екіншіден, эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру. Осыдан 2,5 жылдан астам уақыт бұрын коронавирусқа байланысты пандемия басталғанда сала есеңгіреп қалғаны жасырын емес. Осыны уақытында ұғынған жауаптылар кемшілікті орнын толтыруға асықты. Нәтижесі жақсы болды. Үшіншіден, отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары. Әзірге фармацевтикадағы отандық өндірістің үлесі 15 пайызға жуықтайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғайса, дәрі бағасы тұрақтанады. Төртіншіден, салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту. Белсенді өмір салтын ұстанатын адамның ғана денсаулығы мығым болмақ. Бұл – даусыз дүние. Сондықтан бұқаралық спорттың маңызы орасан. Осы жоспарлар жүйелі іске асса Қазақстанда азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 2025 жылы 75 жасқа дейін артатын болмақ. Халықтың медициналық қызметтер сапасына қанағаттану деңгейі 2025 жылы 80 пайызға дейін артады.

Болашақтың бақытын еселемек

Ұлттық жобаны жүзеге асыру мақсатында қазір әр өңірде бұрын-соңды болмаған жұмыстар атқарылуда. Оның бірнешеуін айтуға болады. Мәселен, тамызда елордадағы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында кохлеарлық имплантация бойынша бірегей ота жасалды. Құны 6,6 млн теңге болатын мұндай операцияны мамандар жоғары технологияны пайдаланып, 6 жасар балаға тегін істеді. Кохлеарлық имплантация (естуді басқа әдістермен қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда) балалар үшін өте маңызды, өйткені бұл оларға анасының және оның айналасындағы әлемнің дауысын естіп қана қоймай, сөйлей бастауға мүмкіндік үлкен береді. Бұл операция балаларға медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жасалады. Егер анасы баланың дыбыстарға жауап бермейтінін байқаса, көптеген перзентхана мен емханада жасалып жатқан аудиологиялық скрининг проблемаларды көрсетсе, онда мұндай бала кохлеарлық имплантацияға үміткер болады.

«Жалпы, кохлеарлық имплантацияның өзі айтарлықтай көлемді процедура. Біз мұндай операцияларды бір жастан асқан балаларға жасаймыз. Мысалы, шетелде кохлеарлы импланттары бар пациенттердің негізгі бөлігі – қартайғандықтан есту қабілетін жоғалтқан егде жастағы науқастар. Бірақ Қазақстанда кохлеарлық имплантацияның негізгі контингенті, бұл – балалар. Ересектерге өте аз квота беріледі. Ең бастысы, кішкентай жастағы балаға операция жасау керек. Неліктен? Ол дыбыстық ақпаратты неғұрлым ертерек ала бастаса, соғұрлым жақсы. Шетелде кейбір клиникаларда алты айдан бастап жаттығулар жасалады. Ал біз жылдан бастап істеуге тырысамыз. Себебі дәл осы уақытта бас сүйегі қалыптасады. Біз бас сүйегіне имплант қоямыз. Бас сүйегіне кішкене төсеніш жасалып, сол жерге имплант салынады. Бас сүйегіне тігістер әлі қосылмаған кезде, бұл процеске қиындықтар әкелуі мүмкін. Сондықтан біз мұндай операцияларды бір жылдан екі жылға дейін жасауға тырысамыз. Бұл өте маңызды», – деді «№2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» отоларингология бөлімшесінің меңгерушісі Арман Әбілев.

Біз әңгімеге арқау еткен жобаның басқа да жақсылығы жетерлік. Мысалы, жақында елордада «Қамқорлық» ерте оңалту-араласу орталығы ашылды. Орталықтың негізгі қызметі – 3 айдан 3 жасқа дейінгі дамуында ауытқуы бар немесе пайда болу қаупі бар балаларға алғашқы даму кезеңінде кешенді көмек көрсету. Мұнда әртүрлі неврологиялық диагнозы бар балаларды қабылдайтын болмақ.

Инфрақұрылымдар жаңаруда

Көп жерде еліміздің аймақтарындағы медициналық құрал-жабдықтар мен инфрақұлымның ескіргені жайлы айтылып жатады. Әйтсе де ұлттық жоба осы олқылықтардың орнын толтыруға ерекше ат салысуда. Бұл істе әсіресе Қызылорда облысының қарқыны жақсы. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінде лизинг арқылы республикалық бюджеттен 20 санитарлық автокөлікке алғашқы төлеміне 248,2 млн теңге бөлінген. Осы арқылы науқас жандарға алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндіктер артып отыр. Қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамту мәселесі де рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұл тұрғыда 20 млн теңгеден төмен медициналық бұйымдарға 254 195,0 млн теңгеге сатып алу рәсімі жүргізіліпті. Жалпы сомасы 233 331 теңгеге бірыңғай дистрибьютор тізіміне енгізілген 5 дана медицина бұйымына «СҚ-Фар­мация» ЖШС арқылы сатып алу жұмыстары атқарылған. Медициналық ұйымдарға санитарлық көліктер, компьютер жинақтарын, дизельді электргенератор және медициналық бұйымдарды сатып алу мақсатында 225 млн теңге қаржы бөлінген. Әрине, мұның бәрі облыс халқының саулығы үшін жасалып отырғаны анық.

Биыл маусымда Қызылордада орталық қалалық емхана қолданысқа берілді. Емхананың ашылуының арқасында №1, №3 және №6 қалалық емханалардың жүктемесі азайып, денсаулық сақтау желісі нормативке сәйкестендірілген. Сол сияқты Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимараты салынып, ел игілігіне берілді. Бұған республикалық бюджет есебінен жалпы құны 2,3 млрд теңге бөлінген. Жаңа емдеу мекемесі 80 мыңнан аса тұрғынға сапалы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.

2022 жылы медициналық ғимараты жоқ шалғай елді мекендерде 2 медициналық бекет, жалпы құны 140 млн теңге болатын «Ауыл – ел бесігі» 1 дәрігерлік амбулатория іргесін қалады. Сол сияқты биыл жалпы құны 2,9 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда қаласының сол жағалауында IV санатты жылына 5 000-10 000 донация облыстық қан орталығы құрылысы қолға алынатын болды. Оған республикалық бюджеттен 250 млн теңге бөлінген. Нысан келер жылы толық іске қосылады деп күтілуде. Осынша игі істерден кейін ұлттық жобаның әлеуеті зор екенін аңғаруға болады. Бастысы – бастаманың жемісін халық көреді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.