arasha.kz

Депутаттар Астана атауын қайтаруды ұсынды

Парламент Мәжілісінің «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері елордаға бұрынғы Астана атауын қайтаруды ұсынды. Бұл туралы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Еділ Жаңбыршин айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйекте халыққа Жолдауын жариялап, тың бастамалар көтерді. Соның ішінде, биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы айтты.

Бұл ұсыныс сарапшылар ғана емес, бүкіл қоғам тарапынан қызу пікір-талас тудырып жатыр. Оны Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері де талқылады. Осыған орай ойымызды ортаға салуды жөн көрдік, дейді депутат.

«Биыл елімізде конституциялық реформа қолға алынды. Жаңа, Әділетті Қазақстан құрамыз, «Екінші Республика» моделіне көшеміз деп жарияладық. Мемлекеттік жүйені, соның ішінде мемлекет басқару ісін жаңғырту қажет екені даусыз. Яғни, бұл – демократиялық басқару моделіне көшуге жол ашатын бастама. Сондықтан, қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзімді енгізу дұрыс бастама. Ешкім Президент билігін ұзақ жылдар бойы иемденбейді. Бұл еліміздің суперпрезиденттік биліктен толық кеткенімізді бекіте түседі»,—деді ол.

Сондай-ақ ол қазір әлемдегі кейбір елдерде мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту бойынша бастамалар көтеріліп жатқан тұста, біздің елімізде керісінше Президент өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық бір мерзіммен шектеу – еліміздің демократиялық бағытты берік ұстанғанын көрсетеді, деген ойын айтт.

«Егер Президент кезектен тыс сайлауда 5 жылға сайланып, содан соң 7 жылдық мерзімді енгізетін болса, онда қазіргі Президенттің үшінші мерзімге сайлануына құқықтық негіздер пайда болуы мүмкін деген әртүрлі алып-қашпа пікір айтылуда.
Сондықтан қазіргі Президент 5 жылдан кейін тағы да 7 жылға баруы мүмкін деген күмәнді сейілту үшін биыл бірден 7 жылдық мерзімге сайланғаны дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Сонда аталған құқықтық коллизия туындамайды.
Оның үстіне, Мемлекет басшысы кезектен тыс сайлау өткізбей, екі мерзімге сайланса да, биыл кезектен тыс сайлауда 7 жылға сайланса да, оның өкілеттік мерзімі 2029 жылы аяқталады. Яғни қазіргі Президент мерзімінің ұзақтығы өзгеріссіз қалады», —деді Жаңбыршин.

Оның айтуынша, бұрынғы жүйені қалыптастырған саяси күштердің, ықпалды топ өкілдерінің билікке ұмтылып отырғанын ұмытпауымыз қажет. Президенттің қазір сайлау өткізіп және жеті жыл мерзімге сайлануы мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол жаңа инклюзивті азаматтық қоғам құруға мүмкіндік алады.

«Осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы мынадай мәлімдеме жасайды:
Біріншіден, біз Қазақстан Республикасы Президентін жеті жылға бір мерзімге сайлау бастамасын қолдаймыз.
Екіншіден, Конституцияға өзгерістерді қазір енгізіп, Президент сайлауын жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың күзінде өткізу қажет деп санаймыз.
Жалпы, бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елімізді орнықты дамытуға жол ашатын маңызды қадам»,—деді ол.

Сонымен қатар ол Конституциямызға өзгеріс енгізетін болсақ, онда осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ата Заңға тағы бір аса маңызды мәселені енгізу керек. Ол – елорданың атын қайта қайтару, дейді депутат.

«Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын халықта қабылдамады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді. Бұл Тұңғыш Президенттің бас қаламыздың құрылысын салдырудағы еңбегін де бағалау және халқымыздың ұсыныс-пікірін де ескеру», — деді «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі.

Exit mobile version