Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстан құқықтық мемлекет және оның әр бір азаматы еліміздің Конституциясын және оның заңдарын мүлтіксіз орындауға міндетті дейді.
Оның айтуынша, мемлекетіміздің рәміздеріне қатысты және онда тұрып жатырған азаматтардың діни көзқарасына, нәсіліне, жеке басына және ар-намысына тиетін заң бұзушылықтарға жол берілмеуі керек.
«Ұлты үшін күрескен тұлғаларды әдейі қолдан жасалған «ұлтшыл» деген сөз тауып алып, сол таңбамен жала жауып, отаршыл елдер бізді құртуға еңбектенді.
Егер мен өз ұлтымның дінін, тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қорғасам, ол «ұлтшылдық» емес! Ол Ұлтымды жойылудан қорғау! Мысалы француз, ағылшын, испан, орыс, қытай, еврей, неміс өз тілін және дәстүрін қорғаса «ұлтшыл» емес, ал қазақ қазақшылығын, тілін дәстүрін қорғаса «ұлтшыл» ма?! Олар ұстанып отырған принциптерді, біздерде ұстануға құқылымыз! Ешкім ешкімнен үстем емес, ешкім ешкімнен кем емес!»,- дейді депутат.
Дегенмен, ол Заң бұзушыларға тек заң аясында шара қолдануымыз керек деген ойда. Әйтпесе олардан айырмашылығымыз қандай? Ал, егер заң солқылдақ болса, онда оны қайта қарау керек.
Қоғамдағы қазіргі туындап отырған жағдайлар Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы заң қабылдаудың уақыты келгенін де көрсетіп отыр.
«Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеудің «мәдениетсіздік» екенін айтып, қоғамда дау туғызған Р. Мухоряповқа заң аясында шара қолдану жөніндегі депутаттық сауалды, Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының бірнеше мүшесі қол қойып, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов мырзаға жолдады»,-дейді Жаңбыршин.
Депутаттық сауалдың мәтіні:
Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Б.Н. Асыловқа
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Қазіргі таңда, еліміздегі миграциялық дағдарысты пайдаланып, ел ішін арандату оқиғалары орын алуда.
Соның бірі қазақстандық кәсіпкер, Chocofamily Holding негізін қалаушы Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне және мәдениетіне қатысты әлеуметтік желіде тараған мәлімдемесі қоғам ішінде әлеуметтік наразылық туғызуда.
Мұндай әрекет Тәуелсіздігімізге, Ұлттық мүддемізге, ел тынышытығына қайшы және нұқсан келтіреді деп есептейміз!
Әрбір қазақстандық азамат Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына қалтқысыз бағынуға, тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеуге міндетті.
Құрметті Берік Ноғайұлы! Сізден, жоғарыда аталған мәселеге байланысты арандатушылық іс-әрекетке барған Рамиль Мухоряповқа Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 174 бабы 1 тармағана сәйкес құқықтық шара қолдануыңызды сұраймыз.
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаттары – «Жаңа Қазақстан»
депутаттық тобының мүшелері: Е. Жаңбыршин, Е. Абақанов, Қ. Абасов, С. Адамбаев, Ә. Әбсеметова, Ж. Әшімжанов, Ғ. Әміреев, Е. Бейсенбаев, Б. Дүйсенбиев, З. Құлахметов, С. Мусабаев, С. Нақпаев, Н. Ожаев, Л. Рамазанова, Е. Саиров, А. Сарым, Ж. Сүлейменова, Ғ. Ташқараев, М. Тәжмағамбетова, Д. Тұрғанов.