Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса футбол клубтарын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатуды талап етті.
«Ақ жол» фракциясының депутаты Қазыбек Иса Қазақстан футбол құрамасына бөлінетін қаржыны сынады.
«Футбол федерациясының бас хатшысы біз бюджеттен қаражат алмаймыз, 200 миллион теңге ғана алдық деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі – жақсы футболшылардың тапшылығы дейді. Федерация бюджеттен көп ақша алмаймыз дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алып жатыр. Соңғы үш жылда облыстық әкімдіктердің кәсіпқой клубтарға бөлген қаржысының өзі аз емес – 111,2 миллиард. Ал федерацияға республикалық бюджеттен, УЕФА-дан, Самұрық-Қазынадан, демеушілер бөлген қаржыны қосар болсақ, оның есебі жоқ. Өйткені ресми мәлімет жоқ. Ал transfermarkt.com сайтында 133 миллиард деп көрсетілген», – дейді Қазыбек Иса вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, Премьер-лигадағы 370 футболшының 150-і – легионерлер. Оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосса, барлығы 166 легионер болады.
«Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатыр. Қазақстан 30 жылда бір ғана стадион салса, бізден футбол бюджеті екі есе аз Өзбекстан он стадион салған. ФИФА рейтингісі бойынша Қазақстан 125-ші орында, ал ТМД бойынша футбол бюджеті ең аз Қырғызстан 96-шы орында. Бразилияға алақайлап жіберген 78 балақайдың бірде біреуі қазір футбол ойнамайды. Есепсіз миллиардтарды далаға шашамыз, бірақ гол жоқ. Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ. Футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба? Футболға бөлінген 133 миллиардқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді», – деп ашынды мәжілісмен.
Қазыбек Иса «гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын футболшыларға миллиардтарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті» деп санайды.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы футбол клубтарын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды. Сонымен қатар мемлекет қаржысын балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсау керек деп есептейді.
Бұған қоса, аудандарда, қала маңында тегін футбол алаңдарын салып, секциялардағы жаттықтырушылардың жалақысын педагогтермен теңестіру қажет екенін айтты.
Сондай-ақ депутаттар осы уақытқа дейін мемлекеттен футболға бөлінген қаржының есебін беруді талап етті.
Еске салсақ, Парижде өткен әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан футбол құрамасы 0:8 есебімен ойсырай ұтылды. Бұл әлем чемпионатына іріктеудегі соңғы матчы болатын.
Матч алдында Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері баспасөз мәслихатын өткізіп, бірқатар футболшылардың жарақат алғанын айтқан болатын. Қазақстан құрамасында негізгі ойыншының бірі Бақтиар Зайнутдинов қана емес тағы бірқатар футболшының жарақат алғаны белгілі болды.
Тарихтағы ең үлкен жеңілістен кейін қазақстандықтар ұлттық құраманы сынап, желіде түрлі пікір жазылды.
Осыдан кейін Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин келер жылдан бастап ҚФФ мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылым есебінен қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ұйым УЕФА қаражаты, сондай-ақ демеуші тарту есебінен қаржыландырылады.