arasha.kz

Досқан Жолжақсынов: Президентіміздің жоспарлары сан салалы

Кемелдік пен кеңдік деп жатамыз. Мақсат пен міндет күлкі емес, көркем болуы шарт деп жатамыз. Міне, осы бір шарафаты мол түсініктерді кейде мен ұлтыма да теңегім келеді. Ұлт дегеніміз – халықтың жетілген, парасаты жетіккен түрі. Өзін-өзі сақтауға, дамытуға, қорғауға, қорламауға айрықша ден қоя алатын қабілеттің түрі.
 
Достаевский айтқан екен: «Құдайлар ұлтқа бөлінгенде, олар өледі»,- дейді. Демек, ұлтты ұйыстыратын – дүниетаным. Ал оны аздыратын, тоздыратын – алауыздық.  Аяғы үзеңгіден шықса да, тізесі жерге тимеген алаш жұрты азапты ғұмырында ұзына тарихында басында небір дәуір өткізді. Ащысын да, тұщысын да сарқа татты. Ащысы тұсында жасқанып, тұщысы тұсында мастанып көрген емес. Жеңіп те көрді, жеңіліп те көрді. Бірақ осыны сезіну – саяси өмірдің ең бір қиын сәттерінде бізге бір берік рухани медет болғандай. 
 
Бүгінгі ақ ордалы Қазақстан кешегі алтын ордалардың  тікелей мұрагері. Тәуелсіздік – ырыс, дамудың кепілі. Ал тірегі – бірлік. Бірақ бүгін заман басқа. Қарудың орнына қалам, қаламның орнына компьютер келген заман. Технологияның өзі күнде өзгеріп, өсіп бара жатыр. Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады. Әлем асығыста. Өмірдің өзі күнде өзгеріп бара жатыр. Сондықтан, не ілгері басасың, кейін кетесің. Басқа жол жоқ.

Мынау саясат деген терминді біздің дәуірімізге дейінгі төртінші ғасырда Аристотель енгізген екен. Ол оны мемлекетті басқарудың өнері деп атапты. Міне, осы жерде біздің айналамыздағы халықаралық саяси ахуалды, ішкі саяси ахуалды немесе ұлтының үнімен жұртының мұңын тамыршыдай тап басып отырған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлтының үніне үн қоса, ой тастады.

2019 жыл… «Сындарлы қоғамдық диалог Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»,- деп ойын бастады. 2020 жыл… «Жаңа жағдайдағы Қазақстан – іс пен қимылдың кезеңі» деп ұран тастады. 2021 жылы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі», – деп ойын жалғастырды. Ал 2022 жылдың наурызында «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы»,- деп қадап көрсетті. Осыдан бірнеше күн бұрын, 2022 жылы қыркүйекте «Әділетті мемлекет – біртұтас ұлт, берекелі қоғам», – деп үш тағандық қағидатты алға тартып, халқын ұшпаққа шақырды. Тұжырым – бес жолдауы куә мемлекет басшысы халық жағында, мемлекет жағында екендігін көрсетті.

Тіпті, күні кеше елімізде өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының жетінші съезінде осы тезисін көтеріп, әділетті әлем мәселесін қозғады. Рим папасын қарсы алған кезде мемлекет басшысы «Сіз біздің елге адамзаттық бетбұрыс кезінде келдіңіз»,- деп парасатты ойын жалғады. Бес жолдаудың ішінде халқының бүкіл мұң-мұқтажы атқарылды. Бірақ соның ішінде ең соңғы жолдаудың атауының өзі көңілге үлкен сенім ұялатады. «Әділетті мемлекет – біртұтас ұлт, берекелі қоғам». Яки, әділетті мемлекетте тұратын біртұтас ұлт берекелі қоғамға кепіл. Әрине, жолдаудың ішінде шоқтығы биік небір шешімдер бар. Соның ішінде – халық қорынан келешек ұрпақтарымызға ашылатын есепшот. Кешегі алпауыттар пышақ үстінен үлестірген миллиондаған гектар жер телімі мемлекетке қайтарылды. Қаңтар оқиғасы кезінде аса ауыр қылмыс жасамағандарға кешірім.

Сондай-ақ, алдағы жарты жыл ішінде биліктің бар тармағы – Президент, Парламент, Үкімет түгелдей сайлаудың сүзгісінен өтетін болды. Ең ғажабы – мемлекет басшысы әлі президенттік өкілі бар билігін сайлауға салғалы отыр. Бір қарасаң, аталы нар тәуекел. Екінші жағынан, қауіпті қадам. Шешімі – мемлекет басшысы мемлекет Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев астындағы тағын емес, халқының баянды бағын ойлағандығы деп білемін. Күні кеше қолындағы билігін сүтті сиырдай қаттап сауған заманмен салыстырғанда. Шәкәрім қажы айтпақшы, бұл ән бұрынғы әннен өзгерек боп шықпай ма?! Дәл солай! Бәрекелді!

Президентіміздің жоспарлары сан салалы. Арман-мұраттарын сапалы баспалдақтармен әкеле жатыр. Әрине, мұның бәріне уақыт керек. Ойлануға уақыт керек. Дей тұрғанмен, пысықталған, қорытындалған дүниелердің барлығын жүзеге асыруғабіз мүмкіндік беруіміз керек. Біздің міндеміз – біртұтас саналы ұлт болып, берекелі қоғам болып, сөзінде пәтуа, ісінде тиянақ бар ел басшысына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ең игілікті реформаларын жүзеге асыруына мандат беруіміз керек.

Біздің Президент білімді де, білікті, байсалды басшы. Осының барлығын ойлай келе,  салыстыра келе, сол Президент билігінің ғұмырын жеті жылға әкелгені. Біріншіден, жеті жыл, негізі, бұл қазақта жақсы сан.

Қазақ айтады, «Жетіге келгенше, жерден таяқ жисің». Бұл – бүлдіршіннің аяқ басып кету кезеңі. Ал есті, саналы пендеге жеті жыл ақыл толтыру, бар тәжірибені ортаға салу, халықтың бүкіл мұң-мұқтажына тәрк ету, содан нәтиже шығару. Міне, осы ойдың барлығы мемлекет басшысының қаперінде деп ойлаймын. Сондықтан, осы шешімді халық болып барлығы қолдауда. Сондықтан, бұл шешім түбегейлі ақиқат шешім деп ойлаймын. Шешімнің ертеңі – халқымыздың ризығы.

Жоғымызды бардай ету, барымызды дардай ету – елімізге сын деп ойлаймын. Найзаның ұшын тат басар, шоқпарлар шоққа тасталар, толайым заманға да жетерміз. Тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз мәңгілік болғай! Тарихтың тар өткелінен сүріндірмей өткізген бабалар шапағаты бізге де тигей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ағайын!

Exit mobile version