Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерді қымбатшылық қысып тұр. Өткен 6 айда азық-түлік бағасы 13 пайызға өскен. Бес елдегі ұлттық валютаны айырбастау бағамы да айтарлықтай өзгеріпті. Соның салдарынан инфлияция өсті, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Қырғызстанда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында Қазақстан Үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов осындай проблемаларды қозғады. Оның айтуынша, одақ ішіндегі экспортты дамыту үшін тауар тасымалының еркіндігіне жол ашу керек. Ал өзара саудада шектеулері бар басқа мемлекеттер тауармен қамтамасыз етілуі үшін жағдай жасалуға тиіс.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларус пен Армения премьер-министрлері бірқатар көпжақты құжаттарға қол қойды. Шолпан-Атадағы басқосуда биыл Қазақстан мен Қырғызстан тарапының өзара сауда көлемін 2 миллиард долларға ұлғайтуды көздеп отырғаны да белгілі болды.
«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде кедергісіз сауда-саттық алаңы болуға тиіс. Бұл келісімшартта нақты жазылған. Бұл жерде өкілеттіктер берген комиссия жетекші рөл атқаруы керек. Соңғы жағдайларға байланысты әр ел өздігінше біржақты тәртіп енгізуге мәжбүр болды. Енді сол шектеулерді жою тетіктерін анықтау қажет. Бірыңғай сыртқы саудада біз бірінші кезекте ішкі өндірушіні қорғаймыз деп келістік. Алайда одаққа мүше басқа да мемлекеттер тауарсыз қалмауы керек. Ол үшін үшінші елден тауарларды жеткізу шарттарын жеңілдетуге тиіспіз», – деді Әлихан Смайылов.