Мемлекеттің өркендеуіндегі ең басты фактор – экономиканың дамуы. Осы күні Қазақстанның қаржылық жағдайы Орталық Азия елдерімен салыстырғанда біршама ілгері, көрсеткіштері тәуір. Үш жыл бұрын ковид пандемиясы басталғанда қаржы сарапшылары еліміздің кезекті дағдарыстан оңалып кетуін екіталай деп есептеген. Бірақ мемлекет жүйелі істердің арқасында пандемия зардабын жеңіп, экономикалық дамудың даңғыл жолына қайта түсті. Халықтың әл-ауқатын көтеруге бағыттылған істер оң нәтижесін беруде.
Ішкі өндірістің іргетасы берік
Кез келген мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік статусы көбіне жалпы ішкі өнімнің адам басына шаққандағы үлесімен өлшенеді. Биыл жазда Үкіметтің ұсынған макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша, 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3 пайыздан кем болмайды. Ал 2023 жылы 4 пайызға ұлғаймақ. Жалпы ішкі өнімнің номиналды өсімі биылғы 103,6 триллион теңгеден 2023 жылы 120,7 триллион теңгеге дейін жетеді деп болжанған. Келер жылы салық түсімдерінің артуы есебінен бюджеттің кіріс бөлігі 10,5 триллион теңгеден 13,5 триллион теңгеге дейін көбеймек. Бұның бәрі халықтың әлеуметтік жағдайының оңалуына серпін береді.
Республикалық бюджет жобасының оң аспектісі ретінде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттердің 2022 жылғы 4 триллион теңгеден 2023 жылы 2,2 триллион теңгеге дейін күрт төмендеуін айтуға болады. Макроэкономикалық тұрақтылыққа шикізатқа жатпайтын дефициттің 2023 жылы қазіргі 8,3 пайыздан 6,8 пайызға дейін төмендеуі де оң әсерін тигізеді. Соңғы жылдары Үкімет қаржыны тиімді жоспарлау мен үлестіру қажеттілігіне баса аударып келе жатқаны аңғарылады. Әрине, бұл тұрғыда шетелдіктер құятын инвестицияның да орасан рөлі бар екенін айта кеткен абзал. Былтыр бір ғана Азия даму банкінің Қазақстан экономикасына 6 миллиард долларға жуық инвестиция аударғаны мәлім болды. Соның арқасында жаңа жобалар қолдау тауып, мемлекеттің қаржылық мәселелері шешіле бастайды. Жалпы, инвестиция тарту жайына келгенде Қазақстанның көрсеткіштерін өте жоғары бағалауға тұрарлық.
Еліміздің ықпалы артуда
Экономика жайын сөз қылғанда Қазақстан ТМД елдерінің деңгейінде өте ықпалды күш екенін ұмыт қалдыруға болмайды. Ұйымға мүше мемлекеттердің алыс-берісі мен экономикалық қарым-қатынасында Орталық Азияның бәсі биік. Өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық қазіргі уақытта өте маңызды рөл атқарады. Биыл Қазақстанның бастамасымен ТМД-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясының міндеттерін белсенді жүзеге асыру ісі жалғасуда. Халықаралық нарықтағы дағдарыс жағдайына қарамастан, ел экономикасы біртіндеп қалпына келе бастады. Осылайша мемлекетіміз ТМД елдері ішіндегі өз беделі мен ықпалын толықтай сақтап қалды.
Қазақстан әр кез өзге мемлекеттерді кедергілерді жоюға, протекционизмге жол бермеуге, қолайлы тарифтік шарттар қалыптастыруға және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге шақыратын позициясын анық байқатып жүр. Яғни, экономикалық өлшемді бір елдің аясында қалдырмай, кеңейте беруді көздейді. Сол арқылы ортақ мүдделердің тоғысын байқатады.
Еліміздің әсіресе көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне келгенде мүмкіндігі мол. Еуразия нарықтарына жаңа мүмкіндіктер ашатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының келешегі бар. Жыл сайын бұл мәселенің өзектілігі артып келеді. ТМД-ға мүше мемлекеттер қолда бар әлеуетті дамыту үшін бірлесіп жұмыс істемек. Атап айтқанда, Иранға, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша сауда-саттықты өркендету маңызды.
Бағытты байланыстырушы негізгі буын
Қазір мемлекетіміз Транскаспий бағытын байланыстырушы буынға айналдыруды мақсат етіп отыр. Осы мақсатта Транскаспий халықаралық көлік бағытын транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерді неғұрлым толық іске асыруға ықпал етуші күшке айналғанымыз жөн. Үкімет жыл басынан бері осы дүниеге ерекше мән беріп келеді. Егер еліміз теңіз порттары мен флотты нығайтып, Каспий теңізінде контейнерлік хаб құру жоспарын орындаса, Орталық Азияны ұйыстырып, қаржылық дамудың тағы бір кезеңін бағындырады. Еліміз мұнымен шектеліп қалмақ емес, Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен шекаралас жерлерде сауда-экономикалық орталықтар желісін ашуды көздейді. Сол үшін алдағы уақытта 11 мың шақырым теміржол жөнделмек. Достық-Мойынты, Дарбаза-Мақтаарал теміржол желілері, Алматыны айналып өтетін айналма жолы, Қытай мен Бақты теміржол өткелі іске қосылмақ. Халықтың сұранысын қанағаттандыратын энергия жүйесін құру одан әрі жалғаспақ. Бұл ретте көмірсутектерді өндіруді әртараптандыруды және өңірлерді газдандыру қамтамасыз етіледі. Әсіресе баламалы энергетика серпінді дамитын болады. Жаңартылатын энергия көздерін өндіру көлемі 1,5 есеге артады.
Жалпы алғанда, елдің сауда-саттықты жандандыруға құрылған әрекеттері нәтижелі болуда. Сауданың өркендеуі белгілі бір дәрежеде отандық өндірістің ақырындап қалыптасуына септігін тигізеді. Бұндай тәжірибені басынан өткерген елдер жетерлік. Алдағы 3 жылдықтың ішінде сауда ісі бір ізге түсіп, мемлекеттің экономикалық дамуы арта түсеріне сенім мол.