Солтүстік Қазақстан облысы Тұлымбай көлінде балықтар қырылып жатыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Самал Ибраев фейсбук парақшасында хабарлады.
- «Солтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ-ге 2019 жылғы 20 тамызда таңда жергілікті маңызы бар резервтік су айдыны Тұлымбай көлінде балықтардың қырылуы туралы ақпарат түсті.
Сол күні Инспекция, Табиғат ресурстары басқармасы және Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің қызметкерлерінен құралған комиссия оқиға орын алған жерге барды.
Су айдынының жағалауы тексеріліп, өлген балықтар 185 кг құрады. Өлген балықтар әр түрлі жастағы мөңке балықтары.
Экология департаменті, ветериналық қызмет, сонымен бірге тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігінің сапасын бақылау басқармасының мамандары санитарлық – химиялық анализдер мен лабораториялық зерттеулер жүргізу үшін су мен өлген балықтардың сынамасын алды. Жергілікті әкімдік өлген балықтарды жинап, утилизациялады.
Балықтардың қырылу себептері туралы ақпарат лабораториялық зерттеулердің қорытындысы алынғаннан кейін хабарланатын болады», -дейді Самал Ибраев.