arasha.kz

Еуропарламент депутаттары Қаңтар оқиғасы құрбандарымен кездесті

Еуропарламент депутаттары Алматыда Қаңтар оқиғасында азапталған азаматтар және ақпарат құрал өкілдерімен кездесті.

Бұл жөнінде Еуропарламент сайтында жарияланған хабарламада айтылған. 22-24 тамызда Еуропарламенттің адам құқығы жөніндегі шағын комитет делегациясы Қазақстанға келген еді, деп жазды Азаттық радиосы.

«Алматыда Еуропарламент депутаттары азаматтық қоғам ұйымдарының адам құқығы саласында оқиғалар туралы пікірлерін, Қаңтар оқиғасы туралы тергеулер және конституциялық реформалар туралы айтқандарын тыңдады. Олар азаптау құрбандарымен, сараптама орталығы және ғылыми орта өкілдерімен де кездесті. Баспасөз бостандығы мәселесін талқылап, ЕО-ның осы мәселені қаржыландыруын бағалады» – деп жазылған Еуропарламенттің баспасөз баяндамасында.

Депутаттар сөз бостандығы және медиа саласында кейінгі тенденцияларға да алаңдаушылық білдірген.

«Жуырда өлім жазасын алып тастағаны оң өзгеріс болғанмен, іс жүзінде адам құқығын қорғау, негізгі саяси құқықтар, жаңа саяси партияларды тіркеу мен БАҚ еркіндігі саласында, Қазақстанның БҰҰ адам құқығы кеңесіне мүше (2022-2024 жж.) болып отырған шақта халықаралық міндеттемелерді сақтау бойынша әлі талай шаруа атқару қажеттігін депутаттар мойындады. Еуропарламент депутаттары 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын ашық, жан-жақты әрі әділ тергеу маңыздылығын ерекше атап өтті. Олар саяси және қоғам белсенділерін қудалау мен қорқытуды дереу доғарып, барлық саяси тұтқындарды, оның ішінде Жанболат Мамайды да босатуға үндеді», – деп жазылған Еуропарламент хабарламасында.

Еуропарламенттің Қазақстанға сапары барысында Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған кейбір белсенділер және олардың туыстары БҰҰ және Еуроодаққа қайырылып, Қазақстан билігінің Қаңтар туралы ақпаратына сенбеуге үндеген. Бұған қоса, олар Қаңтар бойынша «заңсыз сот үкімдеріне» шағымданғысы келген. Алайда олар депутаттармен кездесе алмаған еді.

Exit mobile version