ІІМ басшысы Марат Ахметжанов Солтүстік Қазақстан облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін уақытша атқарған Берік Біләловтің ісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне өткізілгенін мәлімдеді, деп жазды Azattyq Ruhy.
«Ол екі жыл бұрын бір адамнан қарыз алып (ақша – ред.еск.) қайтармаған. ҚР Ішкі істер министрлігі Өзіндік қауіпсіздік департаменті бұл деректі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізді. Сондай-ақ тексеру шаралары объективті болуы үшін оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдады», – деді М. Ахметжанов Сенат отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Еске салайық, 59 жастағы генерал-майор Берік Біләлов биылғы ақпанның соңында ұсталған болатын. Расталмаған ақпарат көздері оның аса ірі көлемінде пара алғанын жариялады.
Полиция генерал-майоры СҚО ҚАЖД басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалғанға дейін, яғни 2014 жылдан 2019 жылға дейін СҚО Полиия департаментінің бастығы, ал 2019 жылы сәуірден қазанға дейін Ақмола облысының Полиция департаментінің бастығы болды.