Қазір ақпаратқа толы заманда өмір сүріп жатырмыз. Ақпараттың көптігі соншалық адам өзіне не керегін білмей адаса бастады. Енді бірі ақпаратты оқудан, қабылдаудан қалды. Салдарынан халықтың құқықтық мәдениетін әлі қалыптастыра алмай жатырмыз. Ал бұған не кедергі? Мұның салдары неге әкелетінін адамзат біле ме? Білсе де, әлі сана түйсігі түсіне алмады ма?
Жалпы қоғамда халықтың құқықтық мәдениеті осынша пайыз деп нақты өлшеп айтуға болатын нәрсе емес. Күнделікті қаншама азаматтармен құқықтық мәселелермен бетпе-бет келіп, талқылап жүрген заңгер ретінде айтарым, халықтың құқықтық мәдениетін әлі қалыптастыра алған жоқпыз. Өкінішке орай, осыны мойындауымыз керек. Жай ғана қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейінің өзі халықтың өз құқығын біле бермейтінін көрсетеді. Өйткені бізде пара ұсыну індетке айналған. Кез келген мәселенің түп төркініне бармастан, оның шешу жолын қарастырмастан пара беруге дайынбыз. Мейлі ол әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, мейлі емхана не болмаса балабақша болсын, барлық жерде мәселенің жеңіл жолын іздейміз. Ал біз үшін жеңілі – пара беру.
Шынын айтқанда, азаматтар не себепті пара береді деп ойлайсыз? Ең әуелі өз құқығын білмегендіктен. Еліміздің Конституциясының 1-бабында «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондықтан да біздің басты құндылық – адам және оның өмірі. Әрине, мемлекет азаматтардың ар-абыройының сақталуына, олардың құқының қорғалуын қамтамасыз етеді. Бірақ біздің құқықтық мәдениетіміз әлі қалыптаспағаннан осындай қадамға барып жатыр. Екіншіден, мәселені тез әрі жеңіл шешкісі келетіні. Мұнымен мәселе түбегейлі шешілсе жөн. Кейде уақыт өте сол мәселесі ушығып жатады.
Үшіншіден, соңғы кездері елімізде қаншама адам әлеуметтік желі арқылы алаяқтарға қараптан-қарап алданып жатады. Бұған алаяқтардың ақпаратқа заңсыз қол жеткізуі, компьютерге арналған қауіпті бағдарламаларды қолдану және тарату, есептік құжаттарын қолдан жасап жатады. Тіпті, арасында өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқтар да көбейее түскен. Мысалы, танымал тұлғалар немесе әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунтын ашып, халықтан ақша сұрауы да жиілеп кеткен. Осыған сеніп, алаяқтықтың құрбандары азаяр емес. Бейтанысқа картасының пинкодын айтып не болмаса картадағы ақшасын белгісіз біреуге аударып жіберуі де – өз құқығын білмегендіктен. Бірақ көп адам бұл кемшілігін мойындағысы келмейді. Өз басым қаржылық пирамидаға 100 миллиондап ақша салған адамдарды көрдім. Оның арасында кейбірі басындағы жалғыз үйін сатып, баспанасыз қалғаны да бар. Осы жағдайдың бәрі халықтың құқықтық мәдениетінің әлі қалыптаспағанына тағы бір дәлел.
Ал құқықтық тәрбие негізі отбасынан басталады. Себебі баланы кішкентайынан өз құқығын білуге, оның сақтауға әке-шешесі үйретіп отыруы керек. Бірақ ата-ананың бұған селқос қарауы баланың құқықтың сауатсыздығына әкеледі. Сондықтан алдымен әрбір ересек азамат өз құқығын біліп, өзін-өзі қорғай алуы тиіс. Өз құқығын білу, оны құрметтеу – әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты сезінуге әкеледі. Ал заңдылықты сезіну – құқықтық мәдениеттің құрамы. Осыны әрбір азамат білуі тиіс. Сонда елімізде алаяқтық та, жемқорлық та тыйылар еді.
Айжан Кесебаева,
заңгер