arasha.kz

Иран әйелдері қыздықты тексеруге наразы

Өте консервативті және жабық ирандық қоғамда қызды тұрмысқа шыққанға дейін пәк ұстау көптеген қыздар мен олардың отбасылары үшін құндылықтар жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бұл тәжірибені адам құқықтарын бұзу деп санайтынына қарамастан, кейбір ер адамдар қалыңдықтан некеге дейін пәктігін растайтын медициналық дәлелдемені талап етеді. Алайда, соңғы жылдары мұндай тексерулерге ашық түрде қарсылық білдіретін әйелдер саны артып келеді, деп жазды Би-би-си.

«Қыз емес екеніңді жасырып, мені алдап үйлендің. Шындықты білгенде саған ешкім үйленбес еді», – деп айқайлады Мариямның күйеуі неке түнінен кейін жаялықтан қан ізін таппай.

Мариям күйеуіне оның бірінші жігіті екенін және бұрын жыныстық қатынасқа түспегеніне сендірмек болған, бірақ ол оған сенбей, пәктік фактісін растайтын медициналық анықтаманы талап еткен. Иранда бұл қалыпты жағдайға айналған. Құда түскеннен кейін көптеген қыздар жыныстық қатынасқа әлі түспегені туралы ресми куәлік беру үшін дәрігерге барады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша «қыздық куәлігінің» ғылыми медициналық негізі жоқ. Дегенмен, соны біле тұра еркектер қалындығынан дәлелдемені талап етуді жалғастырып келеді.

Мәселен, Мариямның куәлігінде оның қыздық пердесінің «серпімді типті» екендігі айтылады, яғни енген кезде ол тек созылады, бірақ сынбайды, сондықтан қан болмауы мүмкін.

«Бұл жағдай менің арыма қатты нұқсан келтірді. Менің еш кінәм жоқ, бірақ күйеуім мені қорлауды жалғастыра берді. Бір кезде мен одан әрі шыдай алмадым, сондықтан өз-өзіме қол жұмсау үшін таблетка қабылдадым»,-дейді Мариям.

Оны дер кезінде ауруханаға жеткізгендіктен тірі қалған. Мариям қазір күйеуімен ажырасып кеткен, қайта отау құруға қорқады. Оның басынан өткен қиын жағдай Ирандағы көптеген әйелге таныс. Сол себепті елдегі әйелдер қыздықты растау, тексеру талаптарына қарсылық танытуда. Тіптен, ер адамдар да мұндай тәжірибенің ақылға қонымсыз екенін айтып, қарсылық таныта бастаған.

Exit mobile version