Әйел мен еркектің теңдігі, әйел құқықтарының сақталуы сынды мәселелер дүниежүзілік ауқымда өзектілікке ие. Біздің жан-жақты даму үстіндегі мемлекетімізде де бұл мәселе әлсін-әлсін қозғалып тұрады. Қазақстандағы гендерлік теңсіздік мәселесі отбасы аясында да, қоғамдық орындарда да әйел құқықтарының тапталуынан көрініп жатады.
Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін әйелдердің теңсіздігі әділетсіз жалақыдан, мемлекеттік органдардағы әйел санының аздығынан және т.б. аңғарылады. Мәселен, өткен жылдың қорытынды есебі бойынша мемлекеттік саяси қызметтегі әйелдердің үлесі небәрі 9,3 пайызды құраған екен.
20-шы ғасырдың соңына қарай жасалған Лондон экономика мектебінің зерттеуі бойынша әйел мен еркектің гендерлік алшақтығының басты себебі әйелдің отбасындағы рөліне байланысты екен. Патриархалдық жүйеге негізделген қоғамда әйелдерге бала күтіміне, тамақ әзірлеуге, үй жинауға және басқа да үй шаруаларына көбірек уақыт бөлуге тура келеді. Осыған байланысты әйелдер ерлерге қарағанда түрлі қызмет орындарында аз жұмыс күшін жұмсайды. Бұл тенденция 21 ғасырда өзгере бастады, десе де, әйел теңсіздігі мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр.
Дүниежүзілік банктің мәліметінше, бүгінде Қазақстандық әйелдер ерлерге қарағанда үй шаруасына 3 есе көп уақыт жұмсайтын көрінеді. Әрі қазақ танымында отбасының от анасы, шаңырақтың ұйытқысы саналатын әйел қоғамдық жұмыстан гөрі, үй жұмыстарына, бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуі тиіс. Тіпті, елімізде әйелінің жұмыс істеуіне толықтай тиым салатын еркектер, келінінің қызметте болуына қарсы ата-енелер де жетіп артылады. Бұл мәселеге тек әйелдің құқықтары мен бостандықтарының шектелуі емес, жалпы адам құқықтарының тапталуы ретінде қарауымыз керек.
Гендерлік теңдік біздің еліміз үшін маңызды, өйткені гендерлік теңсіздікке байланысты мәселелер жалғыз әйелдің тағдырына ғана емес, күллі қоғам тағдырына теріс әсерін береді. Гендердік теңсіздік мәселесі қоғамның өмір сапасына айтарлықтай әсер етеді.
Ең өкініштісі, біздің қазақ қоғамында әйел құқығына қарама-қайшы келетін отбасылық әдет-ғұрыптар да жеткілікті. Мысалы, қалыңдықты ұрлау немесе оның келісімінсіз некеге тұру, әйелге көрсетілетін тұрмыстық зорлық-зомбылықтар. Зорлық-зомбылық тақырыбы – елімізде соңғы үш жылда шешімін таппаған, керісінше, бұрынғысынан бетер өршіп бара жатқан күрделі мәселе. Оның айқын дәлелі әйелдер мен қыздардың өлім-жітім оқиғаларының күрт көбеюі. Өз әйелін құлдай көретін, түрлі кемсітулер мен физикалық қысым көрсететін, үлкен айуандықпен ұрып-соғатын абьюз еркектердің қарасы азаймай тұр. Ал тұрмыстық зомбылықтың құрбанына айналған әйелдердің құқығын қорғайтын, жаралы жанына демеу болатын жанашыр әйелдер негізін салған санаулы ұйымдарды айтпағанда, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің жоқтығы одан сайын ашындырады.
Дей тұрғанмен, гендерлік теңдік жынысына қарай кемсітуге тыйым салу туралы ереже ретінде Қазақстан Конституциясында бекітілген. Конституцияда «Барлық адамның заң мен сот алдындағы теңдігі» көрсетіліп, «Ешкімді тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымдары, тұрғылықты жері немесе кез келген басқа себептеріне қарап бөлуге болмайтындығы» жарияланған. Ал еліміздің Қылмыстық кодексінде «азаматтардың құқықтарының теңдігін бұзу, жыныстық теңдіктің бұзылуы» қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады. Осы айтылғанның бәріне қарамастан, әйелге жасалатын қылмыстың қатары көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Себебі, әлсіз жынысқа көрсетілетін қорлық, зорлық әлі де болса қылмыс дәрежесінде бағаланбай жатыр. Қалай дегенмен де, дүниеге ұрпақ әкеліп, ұлттың анасына айналатын әйелдердің жан-жақты болуына, қызметте өзін көрсетуіне жағдай жасап, сырттан көрсетілетін қысым мен тұрмыстық зорлыққа заң негізінде шаралар қолданылуы әйелдің әйелдік басымдығын емес, адами теңдігін көрсететініне сенімдіміз.
Дильназ Бақытбек