arasha.kz

Эстония билігі елдің қауіпсіздігіне нұқсан келтірген ресейлік дипломатты елден қуды

Эстония Сырты істер министрлігі Ресей елшілігінің дипломатиялық мәртебесі бар қызметкерін персона нон грата деп жариялап, 29 наурыздан кешіктірмей елден кетуін талап етті.

Аты-жөні жарияланбаған ресейлік дипломат «Эстонияның қауіпсіздігі мен конституциялық құрылымына нұқсан келтіруге, Ресейдің әскери әрекеттерін ақтайтын үгіт-насихат таратуға және Эстония қоғамын бөлшектеуге тікелей және белсенді қатысқан», деп хабарлады елдің Сыртқы істер министрлігі.

Өз кезегінде РФ СІМ-і бұған жауап ретінде шара қолданатындарын мәлімдеді.

Ресей мен Эстония арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар уақытша сенімді өкіл деңгейіне дейін төмендеді. Осы жылдың қаңтарында Эстония Ресей елшілігі қызметкерлерінің санын қысқартуды талап еткен. Бұған жауап ретінде Ресей Сыртқы істер министрлігі Эстония Елшісі Маргус Лайдреге елден кетуге бұйрық берді, ал Эстония билігі Ресей елшісі Владимир Липаевқа да осындай талап қойды.

Exit mobile version