Ит – адамзат баласы ең бірінші қолға үйреткен жануар. Ғылыми деректерде иттер шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 15-10 мың жыл бұрын қолға үйретілген екен. Тіпті, дін өкілдері де Адам ата мен Хауа ана жұмақтан жерге қуылғанда оларға ең алғаш серік болған ит екенін айтады. Кез-келген өркениетті халықтар сияқты қазақтарда да итке деген құрмет ерекше. Бұл жануарға қатысты мақал-мәтел де қаншама. Иттің адамға достығы, адалдығы көптеген ертегілер мен аңыздардың, тарихи дастандарға арқау болды.
Қазір иттердің 400-дей тұқымы белгілі. Биологиялық жағынан жіктей келгенде, ит-сүтқоректілер класының төбеттер тұқымдасы, қасқырлар тегіне жататын жыртқыш жануар. Күнделікті тіршілікте пайдалануына орай оларды аңшы иттер, күзет иттері және сәндік (декоративті) иттер деп негізгі үш топқа жіктейміз. Қазақтар өздерінің көшпелі тұрмысына орай негізінен аңшы иттер мен күзет иттерін ұстағаны белгілі. Шашақты құмай тазыға төрден орын берген. Бірақ, негізінен үйде ұсталатын, күтімі бөлек сәндік иттерге ата-бабаларымыз әуес болмаған, бұлар қазақ даласына өзге жұрт өкілдері ағыла бастаған XVIII-XIX ғасырлар шетінен бері ғана пайда болды. Біріншіден, үйде ұстайтын сәндік иттерді ұдайы шомылдырып, түгін тарап, ерекше баптау керек. Ұдайы көші-қон үстіндегі жұртта бұған мүмкіндік туа бермейді. Оның үстіне, саркоптоза, құтыру, т.б. жұқпалы ауруларға жиі ұшырайтын ит тұқымдарын ұдайы ветеринар дәрігерлерге көрсетіп, екпе салғызып отыру керек. Сондықтан қазақтар негізінен аңшылық үшін тазы иттерді, отардан қасқырға қой бермейтін маң төбеттерді немесе олардың буданынан өрбитін дүрегейлерді ғана асыраған.
Жоғарыдағының бәрін тәлпіштеп айтып жатқанымыз, қазіргі кезде иесі жоқ, тұқымы, тегі белгісіз қаңғыбас иттер елімізде әжептәуір маңызы бар күрделі мәселеге айналды. Бұған мысал ретінде, қалада болсын, ауылда болсын осы мәселені шешерлік адам жоқ… Қала маңындағы жергілікті үйлер мен қоқыс маңында дала кезіп жүрген иттердің саны жетерлік. Ауылдағы жағдай да бұл мәселеден хабары жоқ емес. Әкімдер де бұны шешудің жолын іздеп бас қатырып жатқаны шамалы.
Қаңғыбас иттердің жаяу жүргіншілерді, әсіресе балаларды қауып алып, өмірі мен денсаулығына қауіп төңдіруі, жұқпалы мал ауруларын таратуы дүркін-дүркін жарияға шығып жатады. Оның үстіне, айтып келмейтін апаттар салдарынан адамдар қазаға ұшырап жатқанда беті бүлк етпейтін, тіпті айылын жимайтын кейбір әкімнің иті өлген кісіге арнайы барып көңіл айтуы қоғамда «адамның құны ит құрлы болғаны ма?» деген сауалдың пайда болуына соқтырды. Әңгіме болып отырған мәселе ауыл округі, аудан, тіпті облыс басшыларының өздеріне тиесілі әкімшілік бөліністердің тұрғындары алдындағы есептерінде тұрақты көтерілетін тақырыптардың біріне айналғанына талай уақыт өтті. Қазір бұл ел көлемінде шешуді қажет ететін мәселе десек, артық айтқан емес. Бұрынғы қазақ «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» дейтін еді, енді бұл мәтелдің өңін сәл өзгертіп, «Иесіз иттің де қорғаушысы бар» деп айтуға тура келеді. Шекара сыртындағы дамыған елдердің ит пен мысық құқығын қорғаушылары «мүддесі қорғалмаған» үй жануарлары үшін Қазақстанға халықаралық деңгейде санкция салуға шақыруы мүмкін. Әкімдерімізді өлген итке көңіл айтуға жетелеген де осы жағдай. Ит пен мысыққа «панасыздар үйін» ғана емес, бірнеше жұлдызды қонақүй салып, мейрамханадан тамақ беретін шетелдіктердің балаларымызды қаңғыбас иттің құрбандығы болып жатқандығына түкіргені бар…
Үкіметімізге бұралқы ит пен мысыққа жасаған «қамқорлығымен» шетелдіктердің алдында гуманды көрініп, бедел жинау керек пе, әлде елінің аман, балаларының дені сау болғаны керек пе?!
Мөлдір Құрманова