arasha.kz

Карантиннің күшейтілуін қоғам белсенділері қолдап отыр

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 5 шілдеден бастап елде карантин шектеулері 14 күнге күшейтіледі. Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларға, сонымен бірге отбасылық еске алу шараларына да тыйым салынады. Көшелер, саябақтар мен скверлерде 3 адамнан артық серуендеуге шектеу қойылады. Ал 65 жастан асқан адамдарға сыртқа шығуға болмайды. Кеңселердің көбінде қызметкерлердің 80% қашықтықтан жұмыс істейді. Дәріхана, азық-түлік дүкендері, ашық базарлар мен ашық ауада тамақтанатын жерлер және тағы бірқатар мекемелер жұмысын жалғастыратын болады.

Толығырақ келесі мақаладан оқи аласыз: 5 ШІЛДЕДЕН БАСТАП 14 КҮНГЕ КАРАНТИН ШЕКТЕУЛЕРІ ЕНГІЗІЛЕДІ

Карантиннің күшейтілуіне байланысты біз қоғам белменділерінен пікірлерін сұрап білген едік.

ҚР Парламент мәжілісі заң және сот-құқықтық реформасы бойынша комитетінің мүшесі Қанат Мусин қазіргі қиын-қыстау кезеңде ең алдымен халықтың денсаулығын ойлау керек деп отыр.

– Карантиннің күшейтілуі өте дұрыс шешім. Қазіргі жағдайда қатаң түрде оқшаулану өте қажет. Өйткені коронавирус елде кеңінен тарай бастады. Елдің бәрі жұмыс істесін, карантин болмасын десек, бір-екі айдан кейін бұткіл еліміз аурудан қырылып қалады. Сондықтан не де болса екі апта шыдай тұрайық. Аурудан аман қалсақ олқылықтың орнын толтырып, экономикамызды да түзетіп алармыз. Денсаулық болмаса ертең қандай экономика, қандай даму болады?, -деп отыр Қанат Мусин.

Еріктілер лигасының басшысы, ҚР президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшесі Айсұлу Әлімжанованың айтуынша карантин шектеулерін күшейту біздің өзіміздің және қоршаған адамдардың денсаулығын сақтап қалу үшін қажет.
– Президент карантин шараларын күшейту бойынша тапсырма берді. Неге? Себебі біздің елде Төтенше жағдай мен Карантин деген сөздердің айырмасын түсінетіндер аз. Барлығы шаршаған, түсінемін. Бұл туралы бінеше рет жаздым. Кей адамдарға бұл қиынға соғып жатыр. Барлық жерді жаба бастағанда ғана ес жия бастадық . Қасым-Жомарт Кемелұлы әкімдерге сөгіс жариялап, ескерту жасады. Себебі олар тұрғындарға жауапты халықтың өкілі. Бірақ, ағайын, бұл бәрімізге арналған ескерту. Және бізге қамқорлық! Сондықтан да карантин шектеулеріне түсіністікпен қарауымыз керек. Бұл қаласақ та, қаламасақ та біздің өз денсаулығымызға және қоршаған адамдардың денсаулығына бейжай қарамас үшін жасалып жатқан шаралар. Шешілмейтін түйін жоқ. Тек бірігіп қана мәселені шешеміз. Бір біріміз үшін жауаптымыз, – дейді ерікті.

Exit mobile version