Оралда кәсіпкерді өлтірген күдіктілер саяжайда тығылып жатқан жерінен ұсталды.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Жанболат Жаншин күдіктілер «Көктем» баубақша қоғамдастығында тығылып жатқан жерінде ұсталғанын мәлімдеді.
«Ұстау барысында күдіктілер қарсылық көрсеткен жоқ. Бірақ полицияны көрген бетте қаша жөнелді. Саяжай тұрғындары екі адамның қай жаққа қашқанын көрсетті. Біз топқа бөлініп, әр үйді жіті тексеріп шықтық. Ұстау кезінде қару анықталды, оны сараптамаға жібердік. Кәсіпкерді не үшін өлтіргенін айта алмаймыз, тергеу жүріп жатыр»,-деді Жаншин.
Кәсіпкерді өлтірген кезде күдіктінің қауға сақалы бар болатын. Ұсталған сәттегі фотода ол сақалын алып тастағанын көруге болады.
Оралдағы күдіктілерді іздестіру жұмыстарына 270 адам тартылған.
Ұсталғандардың екеуі де БҚО тұрғындары. Бұған дейін қылмыстық іске тартылмаған.