30-10-22 |
1990 рет қаралған
Кез келген проблеманы нарықтың өзі шешуі тиіс – сенатор Нұртөре Жүсіп.
Кез келген проблеманы нарықтың өзі шешуі тиіс – сенатор Нұртөре Жүсіп

«Әділетті Қазақстанда» жаңа экономикалық бағыт құру қажет пе? Пандемия нарықтық экономикаға да зиянын тигізбей қойған жоқ. Әлемдік дағдарыстан шығудың жолы бар ма? Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан қандай экономикалық саясат ұстанғаны дұрыс? Бұл сауалды біз сенатор Нұртөре Жүсіпке қойған едік.

–Жаңа экономикалық бағыт қандай? Мәселені қалай шешеміз?

–Экономика саласына жауапты мамандар қазір неолибералдық даму үлгісін мысал етеді. Неолибералдық идеология деген не? Нарық – қоғамның табиғи қалпы дейді осы идеяны жақтаушылар. Нарық әлеуметтік және экономикалық институттардың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін орта. Нарық туғызған проблемалар мен қордаланған мәселелерді бірінші кезекте нарықтың өзі шешуі тиіс.

80-ші жылдардан бастап әлемнің көптеген елдерінде, тіпті өздерін демократиялық елміз деп санайтын мемлекеттердің өзінде әлеуметке бағдарланған саясат азаматтардың бай-бағлан бөлігінің мүддесін күйттеуге көшірілгені жасырын емес. Транзитті экономикасы бар елдерде бұл ашық түрде клептократиялық режимды қалыптастыруға алып келді. Мұны біз қазір коррупциялық проблема деп жүрміз.

Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Әлемдік банк және басқа да экономикалық институттарға неолибералдық доктринаны жақтаушылар келгеннен кейін Латын Америкасы, Африка және постсоциалистік блок елдерінде жағдай күрделене түсті. Бұл ұйымдар қырық жылдан бері еркін сауда, бәсекелестік, қалқымалы айырбас курсы дегенді қолдап-қуаттап келеді. Транцұлттық корпорация түріндегі халықаралық капитал мүддесін осылай қорғап отыр.

Неолибералдар «дағдарыс келе жатыр» деген желеумен АҚШ, Швеция мемлекеттерінде 1980-ші жылдары өз дегендерін жасады. Жасанды дағдарыс арқылы Оңтүстік Корея, Аргентина мемлекеттерінде тоқсаныншы жылдары бұл елдердің экономикасын радикалды түрде реструкция жасады. Қазақстан да осындай жағдайға тап болды. Ресей, Қырғыстан, Грузия, Украина және басқа бірқатар елдерде «естен тандыру терапиясы» жүргізілді. Осының салдарынан компрадор табы пайда болды, мемлекеттің, нарықтың рөлі көмескі тартты, азаматтар арасында мүліктік теңсіздік қалыптасты. Мейнстримдік экономикалық ғылым табыс пен байлықты бөлісу арасындағы теңсіздікті басты мәселе деп есептемейді. Керісінше, бұл олардың пайымдауынша бәсекелестікке, инновацияға, өндіріс өсіміне әсер ететін нәрсе деп есептеледі.

Естеріңізде болса, біз 2000-шы жылдары «Азия барысы» атанамыз деп алты құрлыққа жар салдық. Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань елдерінің экономикалық секірісіне тәнті болдық. Бұл елдер өз алдарына бірінші кезекте нарық пен бәсекелестікті дамыту деген мақсат қоймағанын ескермедік. Осы мемлекеттің бәрі мемлекеттің белсене араласуының арқасында интенсивті өнеркәсіп саясатын жүргізгенін қаперден шығарып алдық.

Бүгінде бірдеңе болса «бізге инестиция керек» дегенді айтамыз. Милтон Фридман бастаған мнетаризм теориясын жақтаушылар «инвестиция болмаса – даму да болмайды» деген тұжырымды алға тартады. Ал Финляндия, Австрия, Швеция, Дания мемлекеттері өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін шетел капиталының ағылуына тыйым салғанын білеміз бе? «Экономикалық ұлтшылдық» саясатын жүргізген елдер бұл күнде дәулеті тасып, сәулеті асып, салтанат құрып отыр.

–Кругманның жаңа сауда теориясы не берді?

–Қазақстанның өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп саласы күшті болды. Соның бәрі «шетел капиталын тарту» деген ұран жетегінде көзден бұл-бұл ұшты. Экономиканың шикізат секторына барынша басымдық беру осындай жағдайға жеткізді. Бір кезде Қазақстанда «кластерді» дамытамыз» дедік. Кластер болмаған сала жоқ. Одан кейін «индустриялық-инновациялық саясат» дедік. Бюджеттен екеуіне де қыруар қаражат бөлінді. Нәтиже қайда? Қайтарымы не болды? Сұраған бір адам жоқ. Кеткен қаражаттың есебін берген бір адам жоқ. Жауапкершілік жүгін арқалаған Үкіметтің бір мүшесін көрдіңіз бе?
Президент экономикадағы осындай теңгерімсіз ахуалдың түп-төркінен терең түсініп, Үкімет алдына жаңа экономикалық саясат жасау міндетін кейінгі екі Жолдауында ашық қойды. Тіпті «Әділетті Қазақстан» қағидатының өзегі жіберілген олқылықтарды жедел түзету, экономиканы қайта жаңғырту мәселесінде жатқанын аңдамау мүмкін емес.

Бір кездегі Вашингтон консенсусы қаржы капиталы мен транцұлттық корпорациялар үшін әлі де пайдалы. Жоғарыда біз мысал келтірген Джозеф Сиглиц пен тағы бір Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругман өз еңбектерінде бұл туралы шырылдап айтып келеді.

Пол Кругман – экономика профессоры, публицист. АҚШ-тағы өте ықпалды ғалымдардың бірі. 2008 жылы халықаралық экономика саласындағы еңбекгі үшін Нобель сыйлығын алған. Ол экономикалық география, салық салу, табыстарды бөлу, макроэкономика саласында көптеген зерттеу жасаған. Әйгілі Джон М.Кейнстің «ескі кейнс тәсілі» деген қағидасын қабылдап, «Выход из кризиса есть!» деген кітап жазған.

Осы Кругман жаңа сауда теориясын жасаған кісі. Ол ЕуроОдақ проблемаларын жіті зерттейді. Еуропа үшін ортақ валюта енгізу мәселесін катастрофалық шешім деп есептейді. Еуро енгізілгенде Еуропа елдері бөріктерін аспанға атып қуанған болатын. Алайда негізгі қаржы ағыны Испания мен Грецияның тұралаған экономикасын көтеруге жұмсалды. Исландия секілді елдер өз валютасын сақтап қалды. Соның арқасында Исландия бәсекелестікке төтеп берді. Еуроаймақтың көптеген елдері ұзақмерзімді депрессияға түсті. Жұмыссыздық белең алды, бағаны ұстап тұруға көп күш жұмсалды. Қатаң экономикалық шаралар онсыз да тұралаған экономиканың жүгін одан сайын ауырлатып жіберді. Испания тәлтіректеп көшке ілескен болды, Греция сол күйі тұралап жатыр, ал Италия – ЕуроОдақтағы ең үлкен экономиксы бар ел, жан басына шаққандағы табыс жөнінін 2000-шы жылдардағы деңгейде қалды.

–Қазақстан экономикасы үшін басты бағдар не болуы тиіс?

–Еуропаның өзге бөлігіндегі жағдай қалай болатынын ешкім де тап басып айта алмайды. Венгрия бір партиялық автократия жүйесіне көшті. Польша да осы ыңғайда кетіп барады.
Кругман әлемдік экономика мәселелерін жілікше шағатын мықты маман. Оның пікірінше, жаһандану үдерісінің кемшін жақтарына қарамастан әлемдік сауда тосын іркілістерге тап болмай қалмайды.

«Неге әлемдік сауда зардап шегеді? Путиннің жүргізген қолайсыз арнайы операциясы украин бидайын экспорттаудың нүктесін қоюға бағытталғаны анық. Бұл Ресейдің сауда көлемін қысқартатыны белгілі. Ресей мұнайы мен газын экспорттау қаншалық қысқарғаны түсініксіз. Еуропа импорт өнімдерге санкция салуға құлықсыз. Алайда ЕуроОдақ мұндай тәуелділіктен құтылу үшін қажетті шараларды қабылдамай отыра алмайды» деп жазады ол.

Пол Кругман Ресейдің халықаралық изгой болуынан қорықпайды, ол Қытайдың өзімен өзі қалуынан секем алады. Егер Қытай Батыспен конфронтацияға барып, экономикалық, тіпті әскери қайшылықтарға ұрынса, мұның соңы болжап болмас зардаптарға ұрындыруы мүмкін деп есептейді.

«Егер біз жаһанданудан ішінара бас тартсақ қалай болар еді? Бай және алға кеткен экономикасы бар елдер біршама кедейленеді. Британия әлемдік сауданың төмендеуіне қарамастан өсімді сақтап отыр. Бірақ мені соңғы онжылдықта әлемдік нарықсыз-ақ табысқа жеткен елдердің тағдыры қатты ойландырады. Мәселен, Бангладеш, тігін бұйымдарының экспорты арқылы экономикалық табысқа жеткен ел. Өкінішке орай, бізге Бірінші жаһандық соғыстан қайта сабақ алуға тура келеді. Жаһанданудың артықшылығы әскери қақтығыс қаупі туған жағдайда қауіпті жағдайға тап болады. Әлем бай болуы үшін, біз оның қауіпсіздігін ойлауымыз керек», – деп жазады Кругман.

Сондықтан Қазақстан үшін де қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек. Қаңтар трагедиясы көп нәрсенің бетін ашып берді. Елдің зиялы және саяси элитасы мемлекеттің ары қарайғы дамуы үшін ақыл-ой, тың идея, нақты ұсыныстарға жүгінуі тиіс. Бұрынғы экономикалық бағыт-бағдар түбегейлі өзгеруі тиіс. Экономиканың офшорлануы, азаматтардың несие қамытын киюі, табыс пен тұрмыстағы теңгерімсіз ахуал сол қалпымен жалғаса берсе, біздің елдің келешегі күмәнді, тұрмысы тұманды болмақ. Мәселені төтесінен қоятын болсақ, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын толық жаңғырту қажет. Олай жасалмаса, екінші қаңтардың құлағы қылтиып шыға келетінін естен шығармаған абзал.

Басты бағдар – экономиканы демонополия жасау. Ұлттық сипатын күшейту. Шикізатқа тәуелділіктен толық құтылу.

Әңгімелескен Айна ХАСАН

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.