Ақмола облысының арнайы прокурорларымен 170 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау – «М-Строй Проект» ЖШС-і және мердігер компания «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС-нің басшылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған қаражаттар 2021 жылы Көкшетау қаласында ескі аэропорттан бастап Қан орталығына дейін «Набережная» жағажайын салуға бөлінген.
«Күдіктілердің әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Көрсетілген бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Барлық күдіктілер сот санкциясымен күзетпен ұстауға алынды», — делінген хабарламада.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік –Астана қаласында 95 млн теңгеге бағаланған коммерциялық жылжымайтын мүлік табылды.
Прокурорлар «Набережная» жобасы бойынша жұмыстың бір бөлігі Атбасар қаласындағы басқа объектісінен жымқырылған ақшаға жасалғаны анықталды.
Сол себепті, бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта, қылмыстық іс аяқталу үстінде, соңғы нүктені іс бойынша сот қоятын болады.