Біз
әлеуметтік
желіде
30-03-25 |
760 рет қаралған
Көпвекторлы сыртқы саясат  — дүрбелең кезеңдегі таяныш.
Көпвекторлы сыртқы саясат  — дүрбелең кезеңдегі таяныш

Тәуелсіздікті алу бір басқа, ал сол атқа сай тәуелсіз ел атану, дербестікті сақтап қалу әлдеқайда қиындау. Егемендік есейткен еліміздің өткеніне көз салғанда ішкі дамумен бірге, көпвекторлы сыртқы саясатқа иек артқанымыз бірден көзге түседі. Қытай мен Ресей секілді мықты елдердің ортасында орналасқан Қазақстанға мұндай саясатты ұстанудың себебі айқын. Осы дұрыс ұстанымының арқасында еліміздің сыртқы саясатта ұпай жинаған кезі көп.

          Қазақстан сияқты жер көлемі үлкен, табиғи байлығы қомақты, халқы аз мемлекетпен байланыс орнатқысы келетіндер де, бас пайдасына жаратқысы келетіндер де аз еместігі белгілі. Алып елдердің құйтырқы саясатының құрбаны болып кетпес үшін жас мемлекеттің болашаққа жоспарлаған бағдары «Ақырын жүріп, анық баспен» қатар, «Тек жүрсең, тоқ түресің» деген қағидаларға негізделуі керектігін көреген саясаткерлердің өзі құп көреді. Осы ретте әлемдік саясатқа көңіл бөліп, ынтымақтастық ниетін білдірген барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынастарды дамыту – саяси қажеттілік болғаны анық. Соның ішінде бүкіл әлем елдерінің дамуы мен ілгерілеуінің тамыршысына айналған АҚШ, Қытай, Ресей секілді айтулы елдермен байланысты сауатты да сындарлы жүргізу кезек күттірмейді.

          Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы құрлықтағы шекараның ұзындығы 7598,8 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек екі елді тарих, экономика, әдебиет пен мәдениет, білім мен ғылым саласында біріктіретін оқиғалар мен жобалар, бастамалар көп. Ең бастысы, екі ел арасына іріткі салып, татулығына сына қағуды мақсат еткендердің анда-санда айтқан орынсыз лепес, оғаш ұсыныстарына қарамастан, Ресей мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастыққа көлеңке түскен емес. Мұның барлығы саяси алаңдағы сындарды диалог, сауатты қадамдардың ғана жемісі десек қетелесеміз. Бұл сонымен бірге, екі ел арасындағы тамырын тереңге жайған түсіністік пен бауырластықтың нәтижесі.

Бүгінге дейін екі ел арасындағы үндестік үкіметтік деңгейдегі қарқынды байланыстармен бекітіліп, тығыз сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынастармен толықты. Осы уақытқа дейін Ресей мен Қазақстан арасындағы саяси, экономикалық, сауда, әлеуметтік мәселелерді реттеуге бағытталған қаншама маңызды халықаралық келісімшарттардың жасалғанына тарих та, жұртшылық та куә. Соның ішінде «Мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияның (1998) және ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісімнің (2013) шоқтығы биік.

          2024 жылғы статистикалық есепте дәйектелгендей, Ресей Федерациясының Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы үлесі 20,5 пайыздан асқан. Осы көрсеткішпен солтүстік көршіміз  еліміздің негізгі сауда әріптестері арасында бірінші орында тұр. Осының өзі тәуелсіздік жылдарында қос мемлекеттің қаншалықты жақын, қаншалықты тығыз байланыс орнатқанын айғақтайды.

Қазақстан көршілес елдермен экономикалық және мәдени байланыстарды сақтауды да ұдайы назарында ұстап келеді. Соның арқасында отандастарымыз спорт жарыстарын, білім сайыстарын, өнер додаларын қатар ұйымдастырып, екі ел жастарының бір-бірімен достасуына, бір-бірімен тәжірибе алмасып, қабілет-қарымдарын шыңдауына көңіл бөліп отыр.

          Көпвекторлы саясатты басты бағдарына айналдырған Қазақстанның Қытаймен арадағы байланысы да жақсы жолға қойылған. Қазақстанды Қытаймен түйістіретін шекараның ұзындығы 1782,75 шақырымды құрайды. Екіжақты ынтымақтың арқасында Қытаймен арада туындаған даулардың барлығы заңды шешімін тапты. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік шекараларды демаркациялау процесі біраз қиындық тудырған еді. Екі ел басшыларының сындарлы диалогы мен сауатты келісімдерінің арқасында шекара белгілеудегі біраз түйткіл оңтайлы шешімін тапты. Сондай-ақ, трансшекаралық өзендерді, әсіресе Ертісті пайдалануға қатысты да екі ел арасында біраз келіспеушіліктің туындағаны белгілі. Бұл мәселеге де мықты аргумент, көреген мәміленің нәтижесінде оңтайлы нүкте қойылды.

          Бүгінде Ресей сияқты Қытай да Қазақстанның сенімді серіктесіне айналды. Көрші ел экономикасындағы оң өзгерісті, озық бастамалар мен үлкен жетістіктерді байқаған қазақ жастарының бүгінде Қытайда білім алуға деген қызығушылығын өскені аңғарылады. Сонымен бірге қытай тілін үйренушілер санының көбеюі екі елді жалғайтын жаңа жобалардың артуына ықпал етеді деген үміт бар.

Қытайдың біздің елімізге қомақты қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі екенін де айтып өткен жөн. Әсіресе көршіміз соңғы уақытта логистикаға, көлік маршруттарының құрылысына белсенді қолдау көрсетуде. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің біріне айналған Қытайдың әлеуеті таңғалдырмай қоймайды. Әлемді осы ізденісі, еңбекқорлығымен тәнті еткен Қытаймен біздің ел арасындағы тауар  айналымы жылдан-жылға өсуде.           Мұхиттың ар жағында орналасқанымен, Америка Құрама штаттарының да Қазақстанның саясаты мен экономикасына ықпалы аз емес. Өйткені, АҚШ – әлемдегі дамудың қозғаушысы. Екіжақты достық қарым-қатынастың арқасында Америкамен де бірлесіп жасалған жобалар баршылық. Екі елдің байланысын нығайтуда заңдық құжаттар мен халықаралық келісімдердің де ықпалы жоғары. Әсіресе, екі ел мойындаған «Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы» келісімнің, «Халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы» келісімнің достық қарым-қатынасты дамытуға ықпалы зор. Екі елдің қауіпсіздік, экономика, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық салалардағы тығыз өзара іс-қимылын реттейтін құжаттар саны жөнінен АҚШ та алда тұр. Бұл құжаттар дамудың жолына түскен Қазақстанның ертеңгі қадамдарына сенімді кепілдік беретіні даусыз.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.