Владимир Путин Ресей басып алған Украинаның Мариуполь қаласына барды, деп хабарлады Кремлдің баспасөз қызметі. Президент сайтында Путиннің қала тұрғындарымен жүздескен видеосы жарияланды.
Ол қала тұрғындарымен көпқабатты үйдің ауласында кездесті. Осы сәтте сырттан бақылап тұрған белгісіз адамның «Мұның барлығы көзбояушылық» деп айқайлаған дауысы естіледі. Осы сәтте Путинді алып жүрген адамдардың бірі кері бұрылып, қолымен үнін өшір дегендей белгі беріп жатқанын кадрдан көруге болады.
Кремлдің баспасөз қызметінің мәліметінше, Путин басып алынған Мариупольге тікұшақпен келген. Бұл Путиннің басып алынған территорияға алғаш рет келуі. Оның үстіне, Гаага соты Путинді тұтқындау жөнінде ордер берген соң іске асып отыр.