Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабына шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен халықаралық байқаушылар келді.
Штабқа әлемнің 37 елінен 44 шетелдік БАҚ өкілі келді. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Бельгия, Испания, Австрия, Швейцария, Корея, Үндістан және т.б. елдерден келген журналистер бар.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов оларды үгіт-насихат және талдау орталықтарының, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіру орталығының, байқаушылар штабы мен арнайы жастар алаңының жұмысымен таныстырды.
«Бұл – көпфункционалды, жоғары технологиялық орталық. Осы жерде сайлау науқаны кезінде белгілі бір шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалицияға кірген ұйымдардың өкілдері бір ай бойы, күні-түні жұмыс істеді. Штаб жұмысы ашықтық қағидаттарына сай және заң талаптарын қатаң сақтай отырып ұйымдастырылды», – деп атап өтті Асхат Оралов.
Кездесу қорытындысында шетелдік БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізілді. Оның барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы журналистерді қызықтырған барлық сұраққа жауап берді.
Сондай-ақ, сайлауалды кезеңдегі штаб қызметімен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламенттік Ассамблеясының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының және Америка Құрама Штаттарының және т.б. халықаралық байқаушылары да танысты.
Айта кетейік, үгіт-насихат науқаны кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қала мен 5000-нан астам ауылды аралады. Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат іс-шарасына 3 миллион сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналды.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024