Тағы бір оқу жылы басталуға шақ қалды. Қыркүйек айы таяғанда білім саласындағы қордаланған мәселелер де қылаң бере бастайды. Бірі шешімін тауып жатса, екіншісінің өзектілігі жыл сайын арта түсуде. Солардың бірі – еліміздегі мектеп тапшылығы мәселесі.
Жер асты байлығы ең көп, халық саны аз елдердің бірі бола тұра балаларды толық жасақталған ыңғайлы мектеппен қамтамасыз етіп бере алмауымыз ұрпақ алдындағы сын. Алайда дамыған елдерді былай қойып, дамушы елдердің көбі екі ауысымды мектептерден бас тартып жатқаны белгілі. Мысалы, Африкадағы кедей елдердің бірі саналатын Намибия 2019 жылы бастауыш мектептерді бір ауысымда оқыту жүйесіне көшіргенін Energiprom.kz сайты хабарлаған еді. Ал Қазақстанда 83 пайыз бала қос ауысыммен мектепке баратын болса, 7 пайыз, яғни 237 мың оқушы үш ауысыммен оқитын көрінеді. Яғни өткен жылы 151 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп тұрған. Сонымен қоса 34 мектеп «апатты жағдайда» деп танылған.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша қазіргі уақытта елде 7 550 мектеп бар. Барлық оқушы саны – 3,6 млн. Олардың ішінде шағын жинақы мектептер саны 2 753.
Ресми статистиканың тағы бір дерегіне сүйенсек, 2020-2021 оқу жылында үш ауысымды мектептердің ең көбі Алматы облысында тіркелген екен. Былтыр аталған аймақта 38 мектепте балалар үш ауысымда оқуына тура келген. Ол дегеніміз, 52 мыңнан артық балаға мектеп таршылық етеді деген сөз. Ал биыл қалай болатыны жөнінде әлі мәлімет жоқ. Десе де еліміздің мәдени ошағы, ең ірі мегаполисі Алматы қаласына тиіп тұрған Қарасай ауданы, Кемертоған ауылының балалары мен ата-аналары үшін мәселе әлі өзекті болып қала бермек. Кемертоған орта мектебінде балалар үш ауысымда оқиды. Себебі бұл мектепке Кемертоған ауылымен қатар, «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің балалары да барады. Жергілікті биліктің «Асыл Арманға» жеке мектеп салып береміз дегелі 5-6 жылдың жүзі болды. Бала саны жылдан жылға көбеюде, алайда мектеп салынатын түрі жоқ.
Динара, Кемертоған ауылы тұрғыны, көп балалы ана:
– «Таңғы 8:00-ден 11:45-ке дейін бастауыш сынып балалары мен жоғарғы сынып оқиды, сосын 11:45-тен 14:45-ке дейін орта сынып оқушылары мектепке барады, одан кейін алтыншы, жетінші сынып оқушылары 15:00-ден 19:00-ге дейін оқиды. Балалар төрт сабақты мектепке барып оқыса, қалған екі сабақ онлайн өтеді. Негізгі пәндер мектепте өтеді, ал дене шынықтыру сияқты жеңіл пәндер онлайн өткізіледі. Мені ортаншы баламның кешкі ауысымда оқығаны алаңдатады. Сабақтан қас қарайғанда шығатын болғандықтан күйеуім машинамен алып қайтады. Мектепте бірнеше ата-ана бірігіп, балаларды үйге таситын такси жалдайды. Әйтпесе қараңғыда баланың өзі жалғыз жүргені қауіпті. Ауылда жабайы ит көп, балаларды қауып алуы мүмкін. Оның үстіне қазір БАҚ-тан не бір қылмыстық әрекеттер туралы естіп жатамыз. Балаң үшін алаңдайсың. Сол үшін балама GPS бақылау жасай алатын сағат алып берсем бе деп отырмын. Сосын кешке мектепке бару балаға ауыр. Күні бойы белсенді қозғалыстағы ойын баласы күн ауа шаршай бастайды. Сол кезде мектепке барып, сабақ оқуына тура келеді. Бала тұрмақ ересек адамның өзі түстен кейін шаршайды ғой. Бұл әрине, баланың денсаулығына, сабақ үлгеріміне әсер етеді. Бір сыныпта 30 бала бар. Олардың барлығына дұрыс білім берілуі үшін Кемертоғанға үш мектеп салса да аздық етеді деп ойлаймын. Бала саны жылдан жылға көбейіп жатыр», –дейді бес баланың анасы.
«Асыл Арманның» жанындағы алақандай бос жерде былтыр құрылыс басталған-тұғын. Тұрғындар мектеп салынып жатқан шығар деп дәмеленіп жүргенде ол жерге мешіттің қаңқасы қалқиып шыға келді. Алдағы жылы балаларымыз жаңа мектепке барып қала ма деген тұрғындардың үміті өшіп, көңілі су сепкендей басылды. Есесіне енді Кемертоғанның өз, Асыл Арманның өз зәулім мешіті болады.
Мешіт салуға ешкімнің қарсылығы жоқ, тек балалары мектепке сыймай жатқанда үсті-үстіне мешіт салудың не керегі бар деген дау тек Қарасай ауданында ғана емес, жалпы қоғамда жиі талқыға түсетін әңгіме. Қоғамдық пікірге сүйенсек, кез келген дінді зерттейтін ғалымдар, яғни діннің өркендеуіне тікелей үлес қосып отырғандар оқыған-тоқыған адамдар. Білімсіз дін догмаға, соқыр сенімге, надандыққа әкеледі. Яғни білім алатын мекеме салудың сауабы мешіт тұрғызудан асып түспесе кем емес болса керек дейтіндер бар. Мектепте аптасына бес күн ақ таңнан қара кешке дейін балалар мен мұғалімдер жүреді. Балалар білім нәрімен сусындап, ұстаздар ұстаздық етіп, ұлы миссиясын орындайды. Ал мешіттің айналасы жұмадан басқа күндері тым-тырыс. Мүмкін расымен де мектеп салу анағұрлым тиімді болатын шығар деп сұрақ қоятындар да кезеседі.
Аятжан Ахметжан, ұстаз:
– Кешегі мешіт туралы әңгімеде ол бюджет қаржысына салынбаған, жеке қалталы азаматтардың қаржысына салынған деді.
Иә, 235 мың адам бір уақытта құлшылық жасай алатын 10 гектар аумаққа орналасқан мешіт елімізге, бас қарға сән береді. Жұма күні жұрт толар, басқа күні бос тұрады.
Біз осы мектеп салып көрейікші, бір бай демеуші болып қалар -деп, Петропавл мен Павлодардың бірінен ұлттық мектеп интернатын салу мақсатында, көмек сұрап көргеміз. 3 айдан астам уақытта 2 657 234 теңге жиналды.
Яғни, жұрт аса құлықты емес.
Мектеп интернаттың мақсаты үлкен еді, шеттегі өзге ұлтқа жұтылып бара жатқан қазақтардың балаларын алдырып, оқыту мәселесі тағы бар, солтүстікті қазақтандыру, қазақ ұлттық мектептерін дамыту мәселесі тағы бар. Бірақ, өкінішке демеу болар қалталы көрмедім. Тіпті Ақсуатта ұлан асыр той жасап, тойға шашып жүрген ұлтжанды ағамыздың жекесіне ұсыныс жасадық. Жоқ, мектепке емес, тойға шашады.
Бірақ, дәл қазір біз үшін ең өзекті мәселе үш ауысымды және апаттық мектептерді жою. Мемлекет мектеп салуға барынша кірісті. Қарқын бұрынғыдан тездеді. Бірақ алдағы 10 жылда үш ауысымды мектеп пен апаттық жағдайдағы мектеп мәселесі шешіледі деп ойламаймын», –дейді Аятжан Ахметжан.
Үш ауысымда оқу өз кезегінде бірқатар проблемаларды алып келетіні белгілі. Ол әрине, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты мәселелер. Балалар дәрігері кешкі уақытта сабақ оқу баланың биологиялық ритміне қайшы, денсаулығына зиян дейді.
Майра Қыдырханқызы, педиатр:
– Кешкі уақытта сабақ оқу балалардың денсаулығына кері әсер етеді. Біріншіден, бала зеректігін жоғалтады, ынтасы төмендейді. Екіншіден, көру қабілетіне зиян. Бала білім алатын жерде күндізгі жарық болуы керек. Сосын түстен кейін мидың жұмыс қабілеті төмендейді. Сондықатан мидағы қан айналымына күш түсіреді. Кішкентай баланың жұмысқа қабілетті уақыты 5-6-ақ сағат. Ал төртінші, бесінші сыныптан кейін 6-7 сағат қана бала жұмысқа қабілетті болады. Және баланың жұмысқа қабілетті уақытын таңнан бастап есептеу керек. Яғни таңғы тоғыздан бастап түскі екіге дейін баланың ағзасы жұмысқа қабілетті, қалған уақытта демалуы қажет. Ал енді ас қорыту жүйесіне келер болсақ, кешкі сағат бес-алтыларда ағзадағы барлық ақуыз, май, көмірсутегі азаяды да, оның орнын толтыру керек болады. Сондықтан бала сабақта тек қана тамақты ойлап отырады. Кешкі уақытта тапжылмай отыру баланың тірек-қимыл аппараттары мен жүрек-қан тамыры жүйесіне де әсер етеді. Кешкі уақытта бала тек ойнап, демалуы керек».
Тағы да статистикаға жүгінейік, 2000-2001 оқу жылында елімізде 8 353 орта білім беретін мекеме жұмыс істесе, 2020-2021 оқу жылында 7 440 мектеп оқушыларды қабылдаған екен. Яғни жиырма жылда Қазақстанда мектеп саны көбеймеген, керісінше азайған. Ал дәл сол жиырма жыл бұрын мектептерде шамамен 3 млн 272 мың бала оқыса, алдыңғы жылы оқушылардың саны 3 млн 481 мыңнан асыпты. Яғни жыл өткен сайын мектептердің саны кеміп, оқушылардың саны артып келеді. Сондықтан да мектеп тапшылығы проблемасы өзектілігін жоймай отыр.
Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жоспары бойынша 2025 жылға дейін мемлекеттік бюджет және жеке инвестиция тарту есебінен елде 650 мың орынға арналған 800 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Болжам бойынша 2025 жылға қарай орындар тапшылығы шамамен 500 мың орынды құрайтын болады.
Асхат Аймағамбетов, оқу-ағарту министрі:
– Бұл үшін 876 млрд теңге бөлінеді. Соның нәтижесінде орындар тапшылығы мен үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі, апатты жағдайдағы мектептердің саны азаяды», –деп мәлімдеген болатын министр Аймағамбетов.
Аталған бағдарламаның қазір үшінші жылы өтіп жатыр. 2025 жылға дейін расымен де министр айтқандай бола ма, жоқ әлде қоғам белсендісі, педагог Аятжан Ахметжан болжағандай мектеп тапшылығы проблемасы он жыл өзекті болып қала бере ме, уақыт көрсетеді. Бірақ «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтың қанатты сөзін көкейде ұстаған абзал. Бүгінгі білекпен емес, біліммен сынасатын заманда болашағын ойлайтын әр мемлекет балаларының біліміне күш салып жатыр. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде әр ел қолынан келген барлық озық технологияларын, заманауи мектептерін, түрлі кітаптарын алдымен балаларға ұсынылуда. Болашағымызды құрайтын да, гүлдендіретін де жастарымыз екенін білеміз. Білімді ұрпақ алдымен мәдениетті, көзі ашық, көкірегі ояу, зиялы болары рас. Ондай жастарға ел болашағын сеніп тапсыруға, қорықпай аманат етуге болады. Ал біз ересектер қауымы сол болашағымызға қандай үлес қосып жатырмыз? Жақсы білім, үлгілі тәрбие бере алып отырмыз ба?!
Балжан Жеңісқызы, arasha
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024