arasha.kz

Назарбаевтың тарихи рөлі қандай?

Посткеңестік елдердің басым көпшілігі үшін жаңа мемлекеттілікті орнықтыру кезеңін қоғамдық өмірді жүйелі түрде өзгерту, экономикалық, саяси түзілімді түбегейлі жаңғыртып, жаңарту уақытымен тұспа-тұс келген еді. Сол тарихи уақыттың белесінен зер салсаңыз, тәуелсіз Қазақстанның осынау аумалы-төкпелі, қиямет-қайым кезеңде өзгелерге ұқсамайтын, өзіндік, сара даму жолынан өткенін көресіз. Мемлекет пен қоғам да­муының түрлі кезеңдерінде алға қойған мақсат-міндеттер салиқалы саясат пен сауатты басқарудың нәтижесінде, бірте-бірте, сатылап, табысты іске асырылды. Мұның бәрі реформалық процестердің бастауында тұрған Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлғасына ті­ке­лей байланысты екені даусыз.

Елбасы ұсынған “алдымен – эконо­мика, содан кейін – саясат” формула­сының арқасында ғана Қазақстан эконо­микасы мен мемлекеттік институттарын жаңа заманға бейімдеп, жетілдіру мүмкін болды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының табанды таңдауы болатын және мұның артында мемлекет пен қоғам алдындағы орасан жауапкершілік жүгі тұрған еді.  Ол бізді ортақ тарихи тағдырмен біріккен қазақ елі үшін қолдан келмес шаруа жоқ екеніне, татулық пен келісімде өмір сүру, білім, жасампаз еңбек, орынды шамшылдық пен өзіңе және өз халқыңа деген зор сенім ғана жақсы болашаққа бастар жол аша алатынына сендіре алды. Туған жерінің қадір-қасиеті сүйегіне сіңген нағыз Елбасы ретінде ол осы істе өз халқының іргелі құндылықтарын – бейбіт­шілік сүйгіштік пен тағаттылықты, жаңа білім мен дағдыларға деген ашық­тық­ты, дәстүрлі рухани жомарттықты, азаттық рухы мен ынтымақтастықты өзіне серік етіп алды.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев – 18 миллион отандасы үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де тәуелсіз Қазақстанның ең басты жасампаз құрушысы. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы, сондай-ақ өзара се­німге негізделген, ынтымақтастық пен серіктестікті нығайту бағытындағы жаңа халықаралық құрылымдар қа­лып­тас­ты­рудағы өзекті бастамалары елі­міздің ха­лы­­қаралық аренадағы беде­лін ны­ғайтты.

Exit mobile version