Күні кеше ҚР Парламент Мәжілісінің жанындағы «Жаңа Қазақстан» тобы елорданың бұрынғы атауы Астананы қайтаруды көтерді. Қазіргі кезде осы мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кезінде белгілі ақын-жазушылар бас қаланың Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қос қолдап қолдаған болатын. Міне, осы азаматтар «Жаңа Қазақстан» тобының бастамасына қалай қарайды? Осы сауалдың жауабын білмек болып ақын, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке хабарласқан едік.
Әдебиет үшін құрбандыққа бардым
– Кеше Мәжілістің жанындағы «Жаңа Қазақстан» тобы Нұр-Сұлтан атауын Астанаға ауыстырайық деп бастама көтерді. Депутаттардың бұл ұсынысына қалай қарайсыз?
– Менің ойымша дұрыс көтеріліп жатыр.
– Онда кезінде неге Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгерттік?
– Енді… Жоғары жақтан шешім солай болды ғой. Кезінде халық бастамашы болған соң депутаттар көтерген болатын.
– Бірақ кезінде сіздер қолдадыңыз ғой…
– Көптің ішінде болдық қой…
– Кезінде сіз «Елбасымыздың өзі бас сәулетшісі болған Астана қаласына Нұр-Сұлтан аты берілу жөніндегі шешімді өз тарапымнан толықтай қолдаймын!» деген екенсіз…
– Сол кезде менің атымнан осы нәрсені жазып жіберген. Кейін оны ұйымдастырушыларға «Тым болмаса менің өзіме көрсетіп алмадыңыдар ма?» деп айтқанмын. Олар «Жоқ, сіз келіседі деп істеп едік» деді. Сол заманда осындай әңгімелер болды енді. Мен қарсы болмасамда қалыс қалғым келген. Алайда менің атымнан жазып жіберіпті.
– Кезінде Нұр-Сұлтан атауын қолдап, қазір оған қарсы болып отырсыз. Бұл сіздің екіжүзділігіңізді білдірмей ме?
– Енді… Пікір уақыт өткен сайын өзгеруі мүмкін. Мысалы сіз өзіңіздің бұрынғы пікіріңізбен келіспеуіңіз мүмкін. Кейде ағыммен, кезінде Абай атамыз «Көп айтса болды» деп айтты емес пе? Кейде «Мақұл» деп қалатынымыз рас қой. Ал енді жалаң ұранмен шапқылап қарсы шығу дұрыс емес. Мен негізі өз пікірлерімді өлеңдерімде ашық айтып жүрдім. Енді бірақ қаланы салғаны өтірік емес қой. Бірақ ол кісінің осынша дүниені жеп кетуі ол кезде дәл осылай айтылды ма?
– Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды ғой…
– Ол кездерде осылардың бәрі айғайлап айтылған жоқ. Мысалы үшін ақпарат құралдары ондай дүниелерді жазған жоқ. Біз енді заң орны немесе тергеуде жүрген адамдар емеспіз.
Жалпы қаланы салуға еңбегі сіңгені рас. Бірақ кезінде мен «Кейбір мемлекет басшыларының атын астанаға қойды» деген уәжге көніп қалуым мүмкін. Бірақ мен өзімнің қолыммен оны жазғаным жоқ. Нұр-Сұлтан депген атауды қолдағанымды сынап жүрген блогер інім болды. Енді жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деген нәрселер болатын шығар.
– Жаңа сіз экс-президенттің жемқорлығын білген жоқпыз деп айтып жатсыз. Бірақ кезінде тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарында ол туралы көп дүние жазылды ғой. Ел ішіндегі қарапайым халық Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары Болат Назарбаев, Қайрат Сатыбалдының не істеп жатқанын айтып жүрді. Ал қазір сіздің «Ештеңе білмедім» деп айтуыңыз ұят емес пе?
– Жоқ. Дәл қазіргі деңгейдегідей ол кезде айтылмады ғой. Оны өзіңіз біліп отырсыз.
– Қазіргідей айтылмаса да ол кісінің билікте ұзақ отырып, әділетсіз сайлау өткізгеніне халық тарапынан наразылық көп болды. Қарапайым халықтың бліп отырған дүниесін Жазушылар одағының төрағасы әрі айтулы ақын бола тұра көрмей, білмей қалдым дегеніңіз өтірік емес пе?
– Жоқ енді мысалы үшін кейбір мәселеге көзбен көріп, қолмен ұстамай сенбейтіндей жағдайларың болады. Кезінде біздің ұстазымыз Шерхан Мұртаза ол кісіні Нұх пайғамбарға теңеді. Шерағаң «Мұхиттың дауылдарында жартастарға соқтырмай Қазақстанның кемесін аман алып өткен Нұх пайғамбар секілдісіз. Елбасы біреу болса, біз тіреу болуымыз керек» деген сөзді айтты. Ол ағаларымыз бірдеңені білген шығар деп ойлаймын.
Негізі бізде біреуді қараласа қара жерге тығып жіберіп немесе сүттен ақ, судан таза ету бар. Жамандасақ сүмірейтіп жамандап, мақтасақ аспанға шығарып жібереміз. Ал енді мен ол кезде қаланы салудағы еңбегін мойындадым. Осындай алдыңғы қатарлы қаланы тұрғызғанына ризамын және ар жағында сұғын қадап отырған ел бар. Қазірдің өзінде солай. Қаланы солтүсікке көшіріп, прогрессивті рөл атқарғанын мойындау керек. Егер астана Ақмолаға көшпесе бірнеше облыстан айырылып қалар ма едік? Енді соның бәрін салмақтаған шығармын деп ойлаймын.
Негізі өзі ерік-жігермен салған қалаға атын берсе, оның несі айып дегендей ойға тоқтағаным рас шығар. Сондықтан шынын айтқанда біреуге қаланың атын беру, болмаса қаланың атын алып тастау менің құзыретімдегі шаруа емес қой. Осындай мәселе бойынша жоғары жақтан маған ұсыныс жасап жатса, оған қарсы шыға келу менің табиғатымдағы дүние емес. Бір адамның даусы бірдеңе шеше қоймас. Жауабым осы. Басқа мен не деп ақталамын?
– Сіздер жоғары жақтан қандай тапсырма келсе де орындай бересіздер ме? Мысалы үшін жоғарыдан тапсырма берілсе «Халықтың бетіне қалай қараймын. Ертең ұят болады. Мен мына нәрсені айта алмаймын» деп айтуға бола ма, болмай ма?
– Жоқ, болады әрине. Болады. Сол кезде бүкіл халық болып қарсы шықтым деп айта алмаймын. Ондай болған жоқ. Біздің келіспейтін пікірлеріміз болады. Оны айтыпта келе жатырмыз ғой. Мысалы әр түрлі оқиғалардың тұсында пікірімді айтып жатырмыз.
– Қазір сіз қысылып, қымтырылып отырсыз. Осылай ұятқа қалып, қысылып отыру сізге абыройлы тірлік пе? Бүгін қолдап отырса, ертең қарсы шыға салатын табанының бүрі жоқ сіз секілді зиялы қауым қазаққа керек пе?
– Мысалы «Нұр Отан» париясына мүше болған адам емеспін. Барлық жерде 100 пайыз қателеспей жүру адам болған соң мүмкін емес шығар.
– «Астананың атын ауыстырмау керек» деп алаңға шықққан жастарды билік қамады. Сол кезде Жазушылар одағының төрағасы әрі айтулы ақын ретінде «Нұр-Сұлтан атауын қолдаймын. Назарбаев керемет тұлға» деп айтуыңыз жағымпаздық, екіжүзділік емес пе?
– Иә. Әу баста айтқанымдай оны мен өз қолыммен жазған жоқпын. Қолдаушылар тобын ұйымдастырғанда менің аты-жөнім болған соң жазып жіберіпті. Кейін ол бұқаралық ақпарат құралдарына шығып кетті. Қай газеттен көрдің?
– Сайттардан көрдім.
– Көшіріп басқан ғой. Енді солай болды. Сол айналып келгенде алдымнан шығып отыр. Кезінде шынымды айтсам «Мен мұны жазған жоқпын» деп айғайлап шыға алмадым.
– Сіз неден қорқасыз. Жазушылар одағындағы қызметіңізді қимайсыз ба, жоқ әлде өміріңізге қауіп төндіре ме? Сізді қандай жағдай шарасыз күйге түсіреді?
– Мені алаңдататын жеке басымның мәселесі емес. Мен мына Жазушылар одағына келген кезде батпаққа батып қарыз болды. Мен өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай Жазушылар одағының шаңырағын ортасына түсірмей алып шығуым керек болды. Ол үшін мен енді анау деп, мынау деп шығатын болсам, ойға алған шаруаларым іске аспай қалар еді. Халықаралық форумдар өткіздік. Әдебиеттің өз мәселесімен айналысу үшін мен сондай құрбандықтарға бардым.
– Билік жат десе жататын, тұр десе тұратын, табаның бүрі жоқ Жазушылар одағы мен ақын-жазушылар қазаққа керек пе?
– Жоқ енді жат десе жататын, тұр десе тұратын деп айта алмаймын. Ақын-жазушылар өз ой-пікірін айтуға ерікті ғой. Жазушылар одағы қаламгердің ауызына сөз салып, жазып бермейді ғой.
– Соңғы сұрағым. Осы бір әркет үшін өкінесіз бе?
– Енді бұл мәселе ерте ме, кеш пе алдымнан шығады-ау деп жүр ем. Оны мен жазбасамда сыртымнан жазып жіберді. Ал ол кезде «Оны мен жазған жоқпын» деп айтуға құдыретім жетпеді.
Серік Құдайбергенұлы
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024