Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістан қаласында өтті. Құрылтайдың екінші отырысына түрлі сала сарапшылары, зиялы қауым өкілдері, бизнес қауымдастық, ғалымдар, депутаттармен қатар ұлттық мәдени орталықтардың басшылары да қатысып, ой-пікір алмасты.
Соның бірі – Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының төрағасы Шаймардан Нұрұмов құрылтайда көтерілген мәселелер төңірегінде ойымен бөлісті.
– Былтыр Президенттің бастамасымен Ұлытауда алғашқы құрылтай өткен еді. Сол құрылтайға қатысу бақытына ие болдым. Одан бері бір жыл өтіпті. Көптеген сұрақтар да қойылып жатыр. Мәжілісте, мәслихатта түрлі жиындар өтеді. (Бұл құрылтайдың олардан айырмасы қандай?» деген сауалдар да туып жатады. Қазақ елінде құрылтай өткізу бұрыннан бар дәстүр. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ең күрделі мәселелер, сасяи шешімдердің көбі осындай құрылтайда көрініс тауып жатқан. Құрылтай – билік пен халықтың арасындағы диалог. Елдің ішінде қандай өзекті мәселелер бар? Ел нені жоғары билікке жеткізе алмайды? Ондай күрделі дүниенің бәрі Құрылтайда ортаға салынып, шешімі шығып жатады.
Құрылтайдың алғашқы күнгі сессияларында екі жарым сағатқа жоспарланған уақыт жетпей қалып жатты. Құрылтай мүшелері өзекті мәселелердің бәрін ортаға салып, талқылаулар өткізді. Басты-басты ұсыныстар айтылды. Елді не мазалайды? Қандай шешімін күтіп отырған сұрақтар бар? Осының бәрі ұсыныс ретінде айтылып, хатталып жатты.
«Әділетті Қазақстан» қалай құрылады? Құрылтайдың көтеріп отырған жүгі де осы: тіл, діл, рухани құндылықтар. Білім жүйесіндегі олқылықтар, мәдениеттің мәселелері де сессия отырыстарында қозғалды. Мемлекеттік тілді дамытуымыз қажет. Қазақстандық патриотизмді нығайту мәселелерін де сессия барысында айтып өттік.
Президент Құрылтайда: «Біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі» деп бекер айтқан жоқ.
Президент айтқандай, Әділетті Қазақстанды адал азаматтар, Отанын сүйетін нағыз қазақстандықтар құратын болады. Бұл – келешек ұрпаққа берілген үлкен сенім. Жастар сенім үдесінен шығады деп ойлаймын.