arasha.kz

Парламент ЕАЭО-дағы тасымалдауды қадағалау туралы келісімді ратификациялады

Парламент сенаты 2 наурыздағы отырыста «Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заңын қабылдады, деп жазды Zakon.kz.

Ұсынылып отырған Заң жобасы – кедендік бақылау саласындағы нормативтік актілерді жетілдіруді және озық цифрлық технологияларды пайдалану арқылы экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуды көздейді.

Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Амангелді Нұғманов бұл заңның кәсіпкерлер үшін, жалпы ел экономикасы үшін қандай пайдасы бар екенін кеңірек түсіндірді. Оның сөзінше, жасалып жатқан шара кәсіпкерлер үшін жеңілдіктің бір түрі деп бағалау керек.

«Арамыздағы түрлі қиындықты жою, кеденаралас, шекараралас тексеру және оның әрі қарай бағыттарын қадағалау мәселесін спутник арқылы, навигациялық пломба арқылы бақылап отыруды дамыту, жаңа технологияларды дамыту негізінде бүгін Қазақстан осы келісімді ратификациялап, заң қабылдаған соңғы ел болып отыр. Ең біріншісі болып тамыз айында Армения бастаған. Содан кейін Белоруссия, одан Ресей, кейін Қырғыз Республикасы болған. Енді өздеріңіз көргендей, бұл заңды Қазақстан ратификациялап отыр», – деді Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Амангелді Нұғманов.

Заң тауарларды жолшыбай тексеру жағын кемітіп, тауардың шыққан жері мен ол баратын жеріне дейін бір қадағаланатын навигациялық спутник арқылы пломбаларды дамытып, одақтас елдер арасындағы қарым-қатынасты, тауар айналымды барынша ұлғайтуды қарастырады.

«Бұл тек экономикалық Еуразиялық елдер арасында ғана емес, үшінші елдер арасында да тиімдірек болып саналады. Сол елдер арқылы өтетін тауар айналымы осы бес елдің арасында кедергісіз жеткізілуіне пайдасын әкелетіні сөзсіз»,- деді Амангелді Нұғманов.

Келісім мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екі және одан да көп мемлекеттердің аумақтары арқылы халықаралық тасымалдауды ұйымдастыру кезінде заманауи техникалық және технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы навигациялық пломбаларды қолдану тәртібін реттеуді, тасымалданатын тауарларға қатысты тиімді кедендік және мемлекеттік бақылауды барынша оңтайландыруға бағытталған.

Exit mobile version