Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Мәжіліске президенттің өкілеттігін қысқартатын заң жобасын ұсынды, деп жазды Azattyq Ruhy.
Алма Мұқанова заң жобасының мақсаты саяси реформаларды толықтай жүзеге асыруды қамтамасыз ету, яғни Президент Жолдауында айтылғандай, президенттің өкілеттіктерін қысқарту, Парламент палаталарын құру тәртібі мен оның бірқатар функциясын, заң шығару процестерінің жаңа ережелерін қайта қарау, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшу, сайлау процесін жаңғырту және «Мемлекеттік хатшы» лауазымын «Мемлекеттік кеңесші» лауазымына өзгерту екеніне тоқталды.
«Заң жобасында президенттің жергілікті атқарушы органдарға, Жоғарғы Сот Кеңесіне қатысты өкілеттіктерін қысқарту, Парламентті құру тәртібін қайта қарау және президенттің өкілеттік мерзімінде оның өкілеттігін жақын туыстарына қолдануға шектеулер енгізу туралы нормалар бар», – деп түсіндірді Әділет вице-министрі.
Құжат заңнамалық процестің жаңа нормаларын айқындауға бағытталған тиісті түзетулер енгізуді көздейді. Сондай-ақ сайлау заңнамасында аралас сайлау жүйесін қалыптастыруға, императивті мандат институтын, оның ішінде депутатты кері шақырып алу тетігін енгізуге, әлеуметтік желілерде үгіт-наисхат жүргізуге, бақылаушы мәртебесін реттеуге бағытталған нормаларды қарастыру ұсынылады.
Бұдан өзге, заң жобасында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау институтын кезең-кезеңімен ұзартуға қатысты нормалар бар.
Заң жобасында Есеп комитетінің атауын Жоғарғы есеп палатасы деп өзгертуге және Конституциялық Сотты құруға қатысты түзетулер де бар.
Аталған нормалар «Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасында белгіленген.
Еске салайық, биылғы наурыз айында Қазақстан халқына жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев президенттің туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салуды ұсынған болатын. Бұл ретте Мемлекет басшысы ҚР Парламенті Мәжілісіне заң қабылдау құқығын беруді ұсынған еді.