Ресей басшысы Владимир Путиннің Астанаға сапары қарсаңында Алматыда полиция Ресей консулдығы алдында наразылық білдірмек болған төрт белсендіні ұстап әкетті.
Ұсталғандар арасында Айнұр Әбсеметова да бар. Сәрсенбі күні белсенділер консулдық алдына келіп, талаптарын да айтып үлгерген жоқ. Полицейлер жабылып, белсенділерді бірден полиция газеліне отырғызды. Белсенділердің қолында плакат пен Украина туының түсіне ұқсас көк-сары түсті гүлдесте болған, деп жазды Азаттық радиосы.
Полиция әзірге түсініктеме бермеді.
Оқиға кезінде «консулдық күзетшісімін» деген сақшы Азаттық тілшісінің камерасын жауып, кәсіби міндетін атқаруға кедергі келтірді.
Азаттық тілшісі белсенділер келмей тұрып, Ресей консулдығының алдында қауіпсіздік күшейгенін байқаған. Жерасты өткелі мен консулдық маңында жиырма шақты полиция, екі газель автозак тұрды. Олар өткен-кеткен адамдардың барлығын тексеріп тұрды.
Полиция жерасты өткелінде кетіп бара жатқан қолында бейсбол битасы бар бір жігіттің құжаттары мен телефондарын тексеріп, «спортшымын, акцияға еш қатысым жоқ» дегеніне қарамастан газельге отырғызып, алып кетті. Құқық қорғаушы Андрей Свиридов полицейлердің әрекетін меңзеп, «Жаңа Қазақстанда» бәрі ескіше болып жатыр» деді.
Ресей президенті Владимир Путин 12-14 қазан күндері Астанаға келеді. Осыған байланысты әлеуметтік желіде қарсылық күшейген. Құқық қорғаушылар, саясаттанушылар мен қарапайым азаматтар Украинаға соғыс ашқан Путиннің Қазақстанға сапарына тосқауыл қоюды талап еткен. Ал билік Путин сапарының маңыздылығын алға тартқан.
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024
-
25.12.2024