«Алматы» телеарнасы бүкіл еліміз үшін ауыр сынақ болған үлкен қасірет туралы журналистік зерттеу жанрындағы 5 бөлімді деректі филімінің төртінші бөлімін ұсынғанын хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Фильмде эксклюзивті сұхбат пен бұған дейін беймәлім фактілер ұсынылды. Сонымен қатар, авторлар қанды бүлік пен сұмдық алапатқа айналған наразылықтың толық хронологиясын қалпына келтіруге тырысқан.
Ұрлық-қарлық, тонау нәтижесінде 1,5 мыңнан астам кіші және орта бизнес нысандары жапа шекті. Қарулы топтар 7 аңшылық дүкеніне шабуыл жасап, бір жарым мыңдай қаруды ұрлап кеткен. Сонымен қатар, шұғыл көмек, полиция, ұлттық гвардияға, сондай-ақ бейбіт тұрғындарға тиесілі көптеген автокөлікті жойып, істен шығарған. Стратегиялық нысандарды, сауда ойын-сауық орталықтарын, сауда желісінің филиалдарын және тұрмыстық техника сататын дүкендерді қиратып өртеп кеткен. Бұлардың барлығы кейін бюджет қаржысымен ғана қалпына келді.
Қаңтар оқиғасы Алматы экономикасына және жұмыспен қамтуға кері әсерін тигізді. Қаңтарда қысқа мерзімді көрсеткіштер айтарлықтай төмендеді, өнеркәсіп – 6,1%, құрылыс – 1,8%, электрмен жабдықтау салаларында да құлдырау байқалды. Оның көрсеткіші 13,4%. Ірі сала – сауда да зардап шегіп (сауда 21% болса, бөлшек сауда 42,1%) тек жазға қарай қалпына келді. Президенттің тапсырмасы бойынша қираған инфрақұрылымдар мен нысандар толық қалпына келтіріліп, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі өсіп, экономика дамуы қамтамасыз етілді. 11 айда жеке капиталдан триллионнан астам теңге тартылды.
Бұл оқиға кей адамдар үшін ұлттық қасірет болса, кей азаматтар үшін жеке бастарының қайғы-мұңына айналды. Қайғылы қаңтарда жақынынан айырылғандардың бірі Маржан Жағалбаева. ҰҚК Шекара қызметінің 27 жастағы офицері Жандос Жағалбаевты 6 қаңтар күні белгісіз біреулер атып кеткен. Сол күні анасы ұлының даусын соңғы рет естіпті. Ал баласынан айрылғанын 1 тәуліктен кейін бірақ білген.
«Әлі де сене алмаймыз. Келетін сияқты. Күтеміз. Баламыз қаза болғаннан кейін, тура 40 күн өткенде, кішкентай нәрестеміз Жандосқызы Рәбиға дүниеге келді», – деді Жандос Жағалбаевтың анасы Маржан Жағалбаева.
Деректі фильмде сонымен қатар, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні бетперде киген адамдардан зардап шеккен патрульдік полиция полкінің инспекторы Арман Байысбаевтың оқиғасы да көрсетіледі.
«Сол жерде өлдім деп ойладым. Аямады. Содан кейін бір кісі «Ұрмаңдар» деп шетке алып шығып, «кетіп қал, әйтпесе, өлтіремін» деді. Бізде қару болмады. Тек қалқан мен каска ғана болды. Басқа ештеңе болмады. Негізі, қарапайым халыққа қару қолданбаймыз. Бізде қару болған жоқ», – деді Алматы қаласы ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы Арман Байысбаев.
Фильм авторлары бүлікке қатысқан 31 жастағы ер азаматпен де сұхбаттасты. Қазір оған бірнеше қылмыстық бап бойынша, лаңкестік әрекетке, кепілге адам алғаны және жаппай бүліншілікке қатысқаны үшін айып тағылып отыр. Ол курсанттарды сабап, әкімдік пен резиденцияға шабуыл жасаған кезде ауыр жараланып, аман қалған.
«Әрине, өкінем. Ол жерде арнайы мақсатпен шыққан жоқпыз, бірақ көпшіліктің арасында араңдатушылықтар, көпшілікпен кетіп қалатын жағдайлар болады екен. Мен ондай нәрселермен бұрын-соңды кездеспегенмін. Яғни, бұл – үлкен қателік», – деді күдікті.
Тергеу кезінде басқа да фактілер анықталыпты. Бүлік пен аласапыран кезінде қарулы топтар бейбіт тұрғындарды өз қатарына қосуға мәжбүрлеген. Мысалы, таксистер мен автобус жүргізушілерін жолды жауып, қажетті мекен-жайларға тасуға көндіріпті.
«Олардың ішінде қастандық жасауға қатысқан зиянкестер болғаны сөзсіз. Бірақ қатысушылардың барлығын бұл қатарға қоса алмас едім. Өйткені, меніңше, қатысушылардың басым бөлігі біздің қоғамның әділетсіздігіне наразылық танытқан бейбіт тұрғындар еді. Яғни, соған дейін әбден шиеленіскен жағдай бұрқ етіп сыртқа шықты», – деді саяси шолушы Ғазиз Әбішев.
Бұл мәліметті жаппай тәртіпсіздікке қатысып, шектен шыққан бүлікші топты тоқтатуға әрекет жасаған мына адам да растап отыр.
«Жүгіріп жүрдік арасында «қойыңдар, ұрмасандаршы, қазақтың балаларысындар ғой, өзіміз бауырымыз деп». Ұқпайды. Жастар зомби сияқты». «Ең бастысы провокацияға берілмеу керек. Шеру болғанда да бейбіт болуы керек. Біреуді ұрып-соғып, шағып ешкімге ешнәрсе дәлелдей ете алмайсың», – деді күдікті.
Бесінші бөлімнің тұсаукесері келесі бейсенбіде «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024