Сот бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айырды.
Астананың Байқоңыр ауданындағы №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов Қайрат Сатыбалдының дүние-мүлкін тәркілеп, алты жылға бас бостандығынан айыруды және 10 жыл мемлекеттік қызметтен шеттету туралы жаза кесті.
Сонымен қатар, ол ұлттық қауіпсіздік органдарының генарал-майоры арнайы шенінен және «Құрмет» пен «Парасат» сияқты мемлекеттік ордендерінен айырылды.
Сот ісін жүргізу сотпен келіссөз болғандықтан қысқартылған форматта өтті. Сол себепті халық Назарбаевтың немере інісі қандай қылмыс жасағанын анық біле алмады. Сотта айыптау актісі оқылмады, жауап алынған жоқ.
Дегенмен, жергілікті БАҚ Сатыбалдының сот залына қайта келетінін жазып жатыр.
Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.