Қайрат Сатыбалдыға қатысты басқа да істер бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев мәлім етті, деп жазды ҚазАқпарат.
«Қайрат Сатыбалдыға қатысты істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жүргізді. Тек екі эпиоздты қарады. Яғни «Көліктік сервис орталығы» мен «Қазақтелеком» компаниясына залал келтіргені тергелді. Өзіңіз білетіндей, екеуіне шамамен 42 млрд теңгедей материалдық зиян келтірілген. Сол екі эпизод қана қаралды. Басқа істер қазір тергеу барысында», – деді Әсет Шындалиев Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында елордада Қайрат Сатыбалды ісіне қатысты сот үкімі шығып, 6 жылға сотталды.
Астана қаласының №2 Байқоңыр аудандық сотында «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның мүлкін талан-таражға салу, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-ға мүліктік залал келтіру фактісі бойынша Қайрат Сатыбалды ісіне қатысты айыптау үкімі жарияланды.
Мәлім болғандай, 2018-2022 жылдар аралығында Қ.Сатыбалды талан-таражға салу арқылы «Көліктік сервис орталығы» АҚ қаражатын жымқыруды ұйымдастырған.