Алматы Қазақстандағы ең үлкен мегаполис екені белгілі. Бүгінде қаланың ресми бекітілген териториясынан бөлек жапсарласып, жалғасып жатқан ауылдар көп. Ол ауылдардың бірі Алматы облысына, тағы бірі Қонаев облысына қараса да тұрғындардың басым көпшілігі қалаға келіп жұмыс істейді, кей бірі балаларын Алматының мектептері мен бала бақшаларына апарады. Қалаберді, үлкен қаланың дәмханаларынан ас ішіп, ойын-сауық, сауда кешендерінің қызметін тұтынады. Оңтүстік астананың териториясына тәулігіне 300 мыңнан аса көлік кіреді екен. Олардың 200 мыңы таңғы сағат 8:30-дан 10:30-ға дейінгі уақытта келеді. Қаланың өзінде 600 мың көлік тіркелгенін ескерсек, Алматыда жүрген көліктердің үштен бірі сырттан келген болып шығады. Шеттегі халық өздерін алматылықтармыз деп есептегенімен, қала ішіндегілерге қалыпты көрінетін көптеген игіліктен олар құр қалып отыр. «Жақсының бәрі ең алдымен балаға» деген қоғамның жазылмаған заңдылығына сүйеніп, Алматы қаласына жапсарласып орналасқан ауылдардағы балалардың жай-күйі арқылы іргедегілердің ахуалымен таныстырайық. Шыны керек кей ауылдарға барсаңыз бұл жақтағы балалар ұмыт қалған ба деген ойға еріксіз келесіз. Ол туралы біз сұхбат алған кейіпкерлер өздері айтсын.
Сұхбатымызды алдымен балалардың өздерінен бастайық. Иманжүсіп Әбдіхалық 14 жаста. Ол Алматының іргесіндегі Кемертоған ауылында тұрады. Бұрын осы ауылдың мектебінде оқыған, бірақ соңғы екі жылда бейнелеу өнері бойынша дарынды балаларға арналған қалалық мектепке барады. Оқушы күнделікті мектепке көлікпен қатынайды. Ол оқу орнына жеткенше бір сағат көлік кептелісінде тұратынын айтады. Иманжүсіп ауыл мектебі мен қала мектебін салыстырды.
«Тротуардың жоқтығынан көлік қағып кете жаздады»
– «Қауіпсіздік жағынан қала мектебінде оқыған дұрыс. Себебі біздің қаладағы мектептің жанында үнемі полиция тұрады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жол бар. Ал ауыл мектебінде оқығанда мектептің маңайында адам көп жүретін. Оларды бақылап жатқан ешкім жоқ. Мектептен көше бойлап қайтатынбыз. Себебі тротуар жоқ. Қасыңнан машина ызғытып өтіп жатады. Бір рет сондай бір машина мені қағып кете жаздаған», -деген 14 жасар сұхбаттасымыз еліміздің ең ірі мегаполисіне тиіп тұрған ауылда тіпті жарық сөнгендіктен сабақ оқи алмай қалған кездерін еске алды:
– «Біздің үйде жарық көп сөнеді. Биылға дейін ауылымызда кешкісін жарық қуаты жетпей, сығырайып қалатын. Сол кездерде үй тапсырмасын орындау қиын болды. Кейде майшаммен үй тапсырмасын орындауға тура келеді. Көркемсурет мектебінде оқығандықтан сурет көп саламын. Жарық дұрыс келмеуінің кесірінен кейде суреттерім дұрыс шықпайтын», -дейді Иманжүсіп Әбдіхалық.
Иманжүсіптің қарындасы Айғаным жан-жануарларды жақсы көреді екен. Ол қаладан гөрі ауылда ит пен мысық көп, бірақ неліктен зоодүкендер ауылда жоқ, қалада бар екенін түсінбейтінін айтады. Айғаным қалада ауылға қарағанда қызықтырақ деп есептейді:
– «Біздің ауылда неге балалар ойнайтын алаңқайлар жоқ? Балаларға арналған алаңдар қалада барлық жерде бар ғой. Ал біздің ауылға бір түйір де салмаған. Сосын шахмат, би, тайквандо сияқты үйірмеге бару үшін де алысқа баруыңа тура келеді. Сауда кешендері мен дәмханалардың бәрі қалада», -дейді 8 жасар Айғаным.
Алматы Қазақстанның мәдени ошағы, өнер, білім, мәдениеттің қайнар көзі деп есептеледі. Дәл осы себеппен Алматыға жастардың көбі білім қуып келеді, дамысам, өссем, өркендесем деп ойлайды. Бұл түсінік ертеден келе жатыр. Елдегі оқыған, көзі ашық жастардың көбі осында қалып қоятын себебі де сол – зиялы ортада жүру, үйрену. Ал өзі оқып, білім алған адам баласының дамуына да көп көңіл бөлетіні заңдылық. Егер өзі өнер, білім қуып Алматыға келген адам баласын сол біліммен қамтамасыз ете алмай отырса қайтпек керек? Шет аудандардағы балалардың білім алуына, дамуына қатысты бірқатар мәселелерді аудармашы-филолог Баян Хасанова айтып берді.
«Үйірменің өзін былай қойғанда, Кемертоғанның мектебіне оқушылар үш ауысыммен барады»
– «Өте өзекті мәселе. Себебі өзім Алматы облысы, Қарасай ауданы, Кемертоған ауылында тұрамын. Ауылымыз Алматының іргесінде, 7 шақырымдай жерде болғанымен, өркениеттен көп алыстап кеткен. Балалардың дамуына арналған үйірмелер аз. Оның өзінен керегіңді таба алмайсың. Мысалы, менің қызым гимнастикаға барғысы келеді. Бірақ ондай үйірме табу мүмкін емес. Бассейн, көркем гимнастика сияқты бала денсаулығына пайдалы үйірмелер мүлде жоқ. Ақыл-ойын дамытуға арналған үйірмелерді табу үшін ауылдан бірнеше шақырым жердегі ықшам ауданға бару керек. Үйірменің өзін былай қойғанда, Кемертоғанның мектебіне оқушылар үш ауысыммен барады. Үш ауысымда оқитын бала қандай білім алады? Себебі іргелес жатқан бірнеше ауылдың баласын бір мектепке жинап қойған. Жаңа мектептің салынып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Сондықтан ауыл балалары қазір тек ойынмен ғана уақыт өлтіруде. Баласының дамуын уайымдайтын ата-аналардың көпшілігі үйірмелер іздеп сенделіп, Алматыға баруға мәжбүр. Бірақ ол үшін ата-ананың біреуі жұмысын тастап, тек қана бала тасып жүруі тиіс. Сонда бір үйді толық асырау міндеті тек бір адамға жүктеледі. Мұның өзі қазіргідей қымбатшылық заманда өте қиын. Мен де балаларымды қалаға тасуды жоспарлап жүрмін. Тек ол үшін жұмыстан шығуым керек. Қала маңындағы ауылдарда жағдай орысша айтқанда «для галочки» жасалған. Нақты ешкімнің жаны ашып жатқан жоқ», -дейді сұхбаттасымыз Баян Хасанова.
«Баламызға сапалы білім беру үшін қалаға көштік»
Журналист Назым Перне іргедегі жер үйін сатып, Алматының ішкі аудандарының біріне көшіп келген. Оның қоныс аударудағы басты себебі – баласының білімі.
– «Біз Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылында тұрдық. Балам 1 сыныпқа сол ауылдан барды. Мектебіміз алыстау болды. Ал енді бала дамытатын түрлі үйірмелер, интеллектуалды орталықтар тіпті алыста еді, баланы бұндай жерлерге тасымақ түгілі мектебіне аман-есен барып келгеніне қуанатынбыз. Өйткені алғашқы жылдары мектепке баратын жолдарға асфальт төселмеген болатын. (Бірақ ұзамастан, жол мәселесі шешілді). Жазда топырақ, қыста батпақ, одан қалса әрбір үйдің иті бар. Қабағаны бар, жуасы бар, қайсысы болса да, топтанып жүретін иттерден бала тұрмақ үлкендердің өзі сескенеді. Мектебімізде би үйірмесі болды. Баламыз басында соған қатысып жүрді. Аптасына үш рет қатысатын бидің бағасы небары бес-ақ мың теңге еді. Ұжым боп, тәп-тәуір би конкурстарына барып та жүрді. Неге екені белгісіз, 2 сыныпта әлгі би үйірмесі жабылып қалды. Ұзынқұлақтан естуімізше, хореограф апайға қысым жасалған көрінеді. «Балалардан ақша алып, би үйретеді» деген арыздар болған сияқты. Шынымды айтсам, рас-өтірігін анықтамадым, оған басы артық уақытым жоқ еді. Сонымен жалғыз алданышымыз биден де қағылдық. Баланың өзіне сабақ беретін мұғалімдерден қосымша оқытуларын өтіндік. Нәтижесінде мүдделер қайшылығына тап болдық, яғни қосымша оқыса ғана баланың бағасы жақсы болады. Біздің қалағанымыз баға емес еді. Білімге ынталандырсақ дегенбіз. Амал жоқ, қалаға көшуге тура келді. Қалада таңдау көп: қосымша оқытатын түрлі орталықтар, спорт, ән-би дегендей. Ең бастысы, үйіңнің айналасынан қалаған үйірмеңе бере аласың», -дейді Назым Перне.
Субурбанизация, яғни үлкен қалалардың маңайына тұрғындардың көптеп қоныстануы Қазақстанда тоқсаныншы жылдардың басында басталған. Одан бері «қала жағалаған» халық саны артпаса кеміген жоқ. Еліміздегі ірі қалалар субурбанизациялана бастағанын, бұл жаңа әлеуметтік құбылыспен бірге жаңа проблемалар да келетінін билік басындағылар білді. Дамыған елдердің тәжірибесін де көрді. Бірақ үкімет халықтың қоныстану қарқынына ілесе алмай қалған сияқты. Себебі қордаланған мәселе тым көп көрінеді.
Сұхбаттасымыз Баян Хасанова тазалық, қауіпсіздік мәселесі сияқты бірқатар проблемалар туралы да айтып өтті.
– «Балаларға арналған арнайы ойын алаңқайының жоқтығын есептемегеннің өзінде, ара-тұра кешқұрым самокат, велосипед теуіп ойнайтын түзу тасжолы да жоқ. Саябақтар туралы айтудың өзі артық шығар. Ауылдың қақ ортасында өзен ағып жатыр. Бірақ айналасы өте лас. Осы ауылға көшіп келгенімізге 8 жылдай болды. Сол өзен маңына әкімдік адамдары келіп, тазартып жатқанын бір рет те көрген жоқпын. Ал мұндай қоқыстар балалардың денсаулығына зиян. Өзеннің қауіпсіздігіне келетін болсақ, айналасы қоршалмаған. Кез келген бала қисық жолмен велосипед теуіп келе жатып, құлап кетуі мүмкін. Сол өзеннің бойымен балалар мектептен үйлеріне жаяу қайтады. Көлік жолы тым жақын салынған, жаяу жүргіншіге арналған жол жоқ. Тек орталықта ғана шағын тротуар бар. Оның өзінде жолға жақындығынан, күз, көктем уақыттарында зырғып өткен көліктер үстімізге шалшық су шашып өтеді. Балалардың сабақтан қайтқандағы түрін көрсеңіз, шошисыз. Шаңға оранып, кір-қожалақ болып жетеді. Бұл бір ғана біздің ауыл емес. Басқа ауылдардың да жағдайы осыған ұқсайды», -дейді сұхбаттасымыз.
Ағымдағы уақытта елімізде 89 қала бар. Оның үшеуі Республикалық маңызы бар қалалар болып есептелсе, 38 облыстық, 47 қала аудандық деңгейде екен. Миллиондық болып саналатын – Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент ғылым, білім, мәдениеттің ошағы саналып, Республикадағы ең қарқынды дамып жатқан қалалар болып есептеледі. Қазақстандағы субурбанизацияға ең көп түскен қалалар да осы қалалар.