Қаңтар оқиғасы бойынша полиция тергеушілері барлығы 4642 қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп жазды Azattyq Ruhy.
ҚР ІІМ Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов мәлім еткендей, қозғалған істердің 2,5 мыңы – ұрлық бойынша, 710-ы – қару ұрлығы немесе сақтауы бойынша, 418-і – бұзақылық фактілері бойынша, 199 – мүлікті қасақана жою дерегі бойынша, 26 – тонау және қарақшылық дерегі бойынша болған.
Жалпы ІІМ тергеушілері 40 мыңға жуық тергеу амалдарын жүргізіп, 15 мыңнан астам азаматтан жауап алған. 2,5 мыңнан астам түрлі сараптама тағайындалған. Қазіргі уақытта 971 қылмыстық іс аяқталды. 609 сотталушыға қатысты істер сотқа жолданды.
«Өткен сот отырыстары бойынша 539 адам сотталды. Оның ішінде 425 адам бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 104 адам нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қазір полиция тергеушілері 276 істі тергеп жатыр. Оның ішінде 50 заңсыз қару сақтау, 33 адам өлтіру, 40 қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, 16 ұрлық, 4 бұзақылық ісі бар», – деді Санжар Әділов.