arasha.kz

Қаңтардан бастап кейбір қазақстандықтар банктер мен сауда орындарына кіре алмайды

Денсаулық сақтау министрлігі 5 қаңтардан бастап сауда және ойын-сауық орталықтары, Қазпошта мен банктерге тек «жасыл» статусы бар адамдардың ғана кіре алатынын хабарлады. 

Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев мәлімдеді.

«Сауда және ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, спорт орталықтары мен фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарына, караоке, бассейн, сауналарға, моншаларға, «Қазпошта» бөлімшелеріне, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына «ASHYQ» қосымшасында «жасыл» статусы бар адамдардың кіруіне рұқсат беру жөнінде қосымша профилактика шараларын енгізуді ұсынамыз», – деді ол үкімет отырысында.

Министрлік бұл норманы 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап енгізуді ұсынды.

Қазақстанда жаңа жылдан кейін қосымша шектеу шараларының енгізілуіне әлемде таралып жатқан «омикрон» штамы себеп болып отыр.

Бүркітбаевтың айтуынша, бүгінде коронавирустың бұл штамы 110 елде тіркелген.

«Омикронның таралу коэффициенті жоғары, ол бестен бірге тең, қайта жұқтыру қаупі өте жоғары», – деп ескертті министр міндетін атқарушы.

ДДСҰ болжамынша «омикрон» бірнеше ай ішінде бүкіл әлемге таралады.

Exit mobile version