arasha.kz

Қазақстанда коронавируспен күрескендерге медаль беріледі

Елде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен коронавирус індетімен күресте ерекше көзге түскен азаматтарға «Халық алғысы» медалі беріледі. 

 Медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары, Үкіметі, Конституциялық Кеңесі, Жоғарғы Соты, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер енгізетіні жазылған.

Медальді Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша ҚР Мемлекеттік хатшысы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ Мемлекет басшысы уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар тапсыра алады.  

Сонымен қатар, медальді тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі және наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентінің наградтау туралы Жарлығы жария етіледі.

«Халық алғысы» медалі белгіден және тағаннан тұрады.

Медальдің белгісі алтын түстес жезден жасалған диаметрі 32 мм дұрыс шеңбер болады.

Медальдің беткі жағында (аверсте) бірінші көріністе «Birgemiz» логотипінің бейнесі жасалған. Медальдің жоғарғы жағында ұлттық ою-өрнек орналасқан. Медальдің төменгі жағында «ХАЛЫҚ АЛҒЫСЫ» деген жазу бар.

Медальдің артқы жағында (реверсте) шетін бойлай ұлттық ою-өрнек орнатылған. Ортаңғы бөлігінде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ 2020» деген жазу бар.

Медаль алтын түстес жезден жасалған құлақша мен шығыршық арқылы ені 32 мм өлшемді тікбұрышты тағанмен жалғасады. Ортаңғы бөлігінде ұлттық ою-өрнек орналастырылған. Тағанның түсі ашық көк түспен құйылған.

Медальдағы барлық бейнелер мен жазулар шығыңқы. Медальдің шеттері бүйірлермен шектеседі. Тағанның сыртқы жағында бұйымды киімге бекітетін визарлы бекіткіші бар түйреуіш орналасқан.

Exit mobile version