Жол құрылысы саласында заң бұзу фактілері тоқтар емес және нормалар сақталмайды. Бұл туралы сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында жариялады.
Сенатор бұл салада ақшаны тиімсіз пайдалану және жымқыру фактілерімен қатар, шенеуніктердің өкілеттігін асыра пайдалану деректері де бар екенін атап өтті.
«Бұл саладағы жүйелі кемшіліктер жойылған жоқ. Кейбір мердігер ұйымдарға қатысты конкурстық рәсімдерді өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық белгілері бар тиісті артықшылықтар сақталады. «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу туралы» ҚР Заңының 4-бабын бұза отырып, «ҚазАвтоЖол» бір көзден алу тәсілімен жалпы сомасы 8 млрд астам теңгеге заңсыз келісімшарт жасаған», – деді депутат.
А. Лукин жол саласына қомақты бюджет қаражаты бөлініп жатқанына қарамастан, көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті арттыру тиісті деңгейде емес екенін баса айтты. Бұл ретте мемлекет қаражатын ысырап ету, жымқыру және басқа да себептер саланы дамытуға кері әсер етіп отыр, деп жазды ҚазАқпарат.
Осы орайда депутат Министрлер кабинетінің басшысына Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының жұмысын бақылауды күшейтуді ұсынды.
«Сонымен қатар, мердігерлерден айыппұлдарды өндіріп алу, сондай-ақ тиімді технологияларды кеңінен қолдануды қамтамасыз ету бойынша алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені ескере отырып, жолдарды сапалы салу және жөндеу үшін тиісті шешімге келуді ұсынамын», – деді сенатор.