arasha.kz

ҚазҰПУ-ға жөндеу жүргізген мердігерлер шу шығарды

Қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны даудың астында қалды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғимаратына жөндеу жүргізген компания еңбекақымызды төлемей отыр деп нарызылық білдірді, деп жазды Azattyq Ruhy.

Ала жаздайғы еңбегінің ақысын талап еткен компания басшылары мен жұмысшылары бүгін оқу орнына келіп шу шығарды. Олардың айтуынша, университеттің 7 қабаттық оқу корпусына үш бірдей мердігер компания жөндеу жүргізген. Алайда іс біткен соң университеттің басшылары сан түрлі сылтаумен ақысын толық төлемей отыр, дейді олар.

«Біз жаңа ғана 7 қабатты ғимаратты тағы да көріп шықтық. Барлық жерде жөндеу жүргізілген және жұмыс аяқталған. Олар біздің жұмысымызды қабылдағанмен қалған 32 млн теңгемізді төлемей отыр. Барлық қабатта жарық шамдары ілініп, жанып тұр. Университеттің ғимаратына үш мердігер компания жөндеу жүргізді. Бірі – электро монтаждау жұмысын, екіншісі – ішкі әрлеу жұмысын және соңғысы қабырғаларға, төбеге, еденге монтождау жүргізді. Жұмысшылардың бәрінде отбасы, жанұялары бар. Еңбекақысын толық алған жоқ. Тапсырыс берушілер құны тиын тұратын құлыпты бізге ескерту ретінде көрсетті. Осыған қарап-ақ әу баста ақшаны толық төлемеу керек деген жоспарлары болған деп ойлаймын», – деді «Сұңқар» ЖШС директорының орынбасары Нұркен Табылғанов.

Атмалмыш оқу орнының мәліметінше, 4 мамырда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ЖОО-ның №1 оқу ғимаратының ішінде жөндеу жұмысын, жалпы құрылыс жұмысын жүргізуге ашық конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған. Тендердің жалпы сомасы – 140 837 435.80 теңге. Тендер қорытындысы бойынша 2022 жылдың 23 маусымында «Сұңқар» ЖШС арасында екіжақты шарт жасалған. Қосымша құн салығын қоса есептегенде келісімшарттың жалпы сомасы 99 миллион 680 мың теңгені құраған. Техникалық сипаттама талаптарына сәйкес жұмыстарды орындау мерзімі шартқа қол қойылған күннен бастап 60 күнде аяқталуы тиіс болған. Яғни бұл жөндеу жұмысы 22 тамызға дейін тапсырылуы керек.

«2022 жылдың жазында тендер өткізіп, оны «Сұңқар» ЖШС жеңіп алды. Тиісті жұмыстарды бастады. Біз – тапсырыс берушіміз. Мемлекеттік заңның талаптары бойынша олар міндетін толықтай орындаған жоқ. Жұмысты сапасыз жасады. Төбедегі бір шам құлады, өзім көрдім. Бұл ағымдағы жөндеу жұмысы. Қабырғаны дұрыс жасамаған. Электр қорабы ашылып-жабылып тұру керек. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, өзге де бақылау органдары тексеріп келгенде бізде бәрі қолжетімді болуы тиіс. Олар оны жауып тастаған. Біз дұрыс жасалмаған жұмыстарына акт толтырдық. Жасаған жұмысының ақысын төледік. Олар 32 млн теңгенің жұмысын төлемей жатыр дейді. Біз ол жұмыс үшін қол қойған жоқпыз. Университеттің сантехник, электр мамандары акт толтырды. Бірақ акт толтырған жұмысшылардың құрылысқа қатысты лицензиялары жоқ. Біз квазимемлекеттік ұйым болғандықтан мемлекеттің ақшасын оңды-солды шаша алмаймыз», – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің заңгері Тұрсынгүл Есдәулетова.

Ректораттың мәліметінше, «Сұңқар» ЖШС-ның өтініші бойынша университет арасында жөндеу жұмысын қыркүйектің 20-сына дейін ұзарту туралы қосымша шарт жасалған. Алайда жөндеу мерзімі бұзылып, университет комиссиясы шарттың техникалық сипаттамасына сәйкес келмеу актісін жасаған. Ақыры оқу орны келісімшартты біржақты бұзып, 19 қазанда «Сұңқар» ЖШС-ны «жосықсыз өнім беруші» деп тану туралы сотқа талап арыз берген. Іс Алматының ауданарлық мамандандырылған экономикалық сотында қаралып жатыр.

«Олардың судьяға көрсеткен мәліметінше, барлық жерде жарық шамдары жоқ, екі қабаттың қабырға жұмысы жасалмаған. Олардың айтып жатқан электр шиттері бойынша біз әртүрлі ұсыныстарды көрсеттік. Ақыры оны да жасап бердік. Талабымыз – еңбекақымызды толық төлесін. Университет басшысының кесірінен жұмысшылар айлықсыз қалды. Олардың балаларына мына суықта жылы киім, тамақ керек. Біз несиемен күн көріп жатырмыз. Мердігер компаниялар күнде еңбекақыларын талап етіп келеді. Университет судьяға жалған мәліметтер беріп отыр», – деді мердігер компанияның өкілі Н.Табылғанов.

Университет әкімшілігі мердігер компанияға 67 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Қалған 32 миллион теңгенің қай жаққа аударылатынын сот шешеді. Сөз соңында жөндеу жүргізген мамандар университет басшылығы тәуелсіз сарапшыларды шақырмай-ақ, қоластындағы жұмысшылардың толтырған актісіне сүйене салғанын айрықша айтып өтті.

Exit mobile version