Әділетті һәм дамыған қоғам құрудың алғышарты ретінде қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жұмысын жандандыруды қолға алған абзал. Қазақстан бұл тұста ақсап жатқан жоқ, елдегі бірлестіктерге қолдау көрсетіп, сол арқылы ұйымшылдықты нәсихаттауда. Елімізде қоғамдық ұйымдардың пікірі ескеріліп, көзқарасымен билік те санасады, саяси процестерге белсенді ат салысады. Мәселен, былтыр өткен референдум шағында қоғамдық бірлестіктер халыққа жаңа өзгерістерді жеткізіп, қол ұшын созды. Сондықтан ел жайына болысқан ұйымдардың рөлін елеусіз қалдыруға болмайды.
Жастарға жалын берген
Еліміз жастар саясатын мемлекеттің басты бағыты ретінде қарастыратынын білеміз. Ал бұл істі жүргізуде тікелей қоғамдық бірлестіктердің рөлі зор. Осындай құрылымдар жастар арасында идеологияның оң бағытта дамуына әсер етеді. Жастар ұйымдарының саны жыл өткен сайын қарқынды көбейіп келеді. Соған сай жастар саясатын қаржыландыру мөлшері де он есеге дейін өскен екен. Қазақстанда 2015 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы Заң қабылданды. Маңызды құжатта жастар саясатының негізгі үш мақсаты қамтылған: Жастардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, жастарды қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірге жақындату, қазақстандық патриотизмді нығайтып, азаматтық ұстанымды адал қорғауға тәрбиелеу. Сонымен, мемлекеттік жастар саясатының бағыттары айқындалды. Айталық, сапалы және қолжетімді білім беру ісін қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті өрістету, денсаулық сақтау саласын нығайту, салауатты өмір салтын ұстану, жастар арасында кәсіпкерлікті жолға қою міндеттері қамтылады. Бұл мақсат-жоспарларды жүзеге асыруда жоғарыда айтқан жастар ұйымдарының тигізіп отырған көмегі мол. Өйткені жастар саясатында алдыңғы орында тұратын, жаңа буын тарапынан көтерілген мәселелердің анық-қанығын біледі.
Ал қоғамдық бірлестіктердің құқықтық ахуалын «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң қамтамасыз ететіні белгілі. Соның аясында ел аумағында мыңдаған республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сондай құрылу тарихы тереңде жатқан ұйымның бірі – «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі. Негізгі міндеті ретінде қазақ тілінің ел аумағында және шетелде кең ауқымда қолданылуына сеп болуды ойлайды. Мемлекеттік, қоғамдық өзге де ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтарға, азаматтарға жәрдемдесіп, кеңес береді. Аталған қоғам жастардың ана тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру үшін мақсат-міндет қойған. Осындай жұмыстардың арқасында қоғам ілгерілей түсері анық.
Жалпы, жастар ұйымдары дүниежүзілік тәжірибеде жастар саясатын дамытушы маңызды субъектінің функциясын атқарады. Сол себепті оларды құқықтық жағынан қолдап, бөле жармай ой-пікірімен санасудың маңызы ерекше. Бірлестіктердің жұмысы көлеңкеде қалып қоймай, жандана түссе – елдің жалынды жастары ынта-жігермен алға ұмтылары даусыз. Жаңа Қазақстанның жастар саясатына жаңа леп керек екені, қоғамдық ұйымдар да жаңаша түлейтін кез келгені жасырын емес. Биыл «Қоғамдық бірлестіктер туралы» қолданыста жүрген заңнамаға түзетулер енгізілмек. Президент тапсырмасынан соң Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осындай өзгерісті жүзеге асырғалы отыр. Еліміз халықаралық бастамалардың қатысушысы ретінде әлдеқашан адам құқықтары бойынша өзіне бірқатар міндеттемелер алды. Бұл тұрғыда азаматтық қоғам институттарының дамуына және азаматтық бастамаларды іске асыру мүмкіндігіне қосымша қарқын беру үшін құқықтық «құралдар» керек. Ол осы жаңа бастамаларда көрсетілген.
Құрылтайда айтылған қоғам жайы
Қоғамдық бірлестіктер тақырыбын қозғағанда Ұлттық құрылтай жайын айтпасқа болмайды. Былтыр ел үшін ерекше саяси оқиға болып, Ұлытауда Ұлттық құрылтай өткені көпке мәлім. Сол кезде құрылтайдың төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі болып, орынбасарлығына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай бекітілген еді. Ұлттың рухани түлеуі жолында атқарылар тағдыршешті оқиғалар құрылтай аясында талқыланды, ал оның қайнаған ортасында қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жүрді. Мұның бәрі – мемлекеттің қоғамдық ұйымдарға айрықша көңіл аударғанының нышаны.
Қазір барлық жерде қоғамдық бірлестіктердің сапасы мен саны әлдеқайда арта түсті. Олар өз аймағындағы әлеуметтік ахуалды сараптамадан өткізіп, тиісті шешім қабылдайды. Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси үрдістерді зерттеп, заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізуге ат салысып, жұмыстарды ұйымдастырып, жастар мәселелеріне қатысты бағдарламалар, түрлі жобалар жасайды. Өз кезегінде мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, оңай іс емес екені анық. Әсіресе, ішкі саясаттың басым бағыттары бойынша әлеуметтік зерттеулер кешенін ұйымдастыру, жастардың еліміздегі түрлі жағдайларға байланысты көзқарастары мен пікірлерін анықтау сынды жобалар көп кездеседі. Соның арқасында қоғамдағы проблемалардың алдын алуға мүмкіндік туады. Түйіндей келгенде, қоғамдық бірлестіктер бірқатар мәселелердің оңынан шешіліп, елдің дамуына жұмылған үлкен бастамашылардың қатарында келеді.
-
24.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024