Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуде қоғамдық кеңестердің қызметіне баса назар аударылды. Қоғамдық кеңес мүшелері жергілікті жерде бюждет қаржысын мақсатты пайдалану, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешуде пәрменді органға айналды.
Негізінен кеңес жұмысы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Онда қоғамдық кеңестің консультативтік-кеңесші орган ретінде құқықтық мәртебеге ие және өз қызметін тәуелсіз, дербес жүргізетіндігі тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бұл институттың қызметінде ашықтық пен жариялылық басты ұстаным.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің мәліметінше бүгінде республика аумағында және жергілікті деңгейде 256 қоғамдық кеңес бар. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге квазимемлекеттік ұйымдардың жанында да қоғамдық кеңестер құрылған. Елдегі қоғамдық кеңестерге 4 мыңға жуық адам мүшелікке өткен екен. Олардың 86 пайызы азаматтық қоғам өкілдерінен тұрады. Сәйкесінше бұл фактор кеңес жұмысындағы басты принцип тәуелсіздік пен дербестікті сақтауға мүмкіндік береді.
«Өткен жылы қоғамдық кеңестердің құрамы едеуір жаңарды. Олардың құрамынан әкімдіктің ықпалындағы мүшелер шығарылып, орнын азаматтық қоғам белсенділері алмастырды. Тек 2022 жылдың 9 айының өзінде қоғамдық кеңестердің жаңартылған құрамы 1 020 отырыс өткізіп, бірқатар ұсыныс жасады», дейді комитет төрағасы Мадияр Қожахмет.
Атап айтқанда қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтарын, мүдделерін қорғайтын 3 мыңға жуық нормативтік-құқықтық актінің жобаларын қарап шығып, тиісті шешімдерін жария етті. Тұрғындардың сұранысына сай ауыз сумен жабдықтау, санитарлық-эпидемиологиялық жағ-дайды жақсарту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы сияқты өзекті мәселелер бойынша 300-ден астам қоғамдық тыңдау ұйымдастырылыпты. Қоғамдық кеңестердің жұмыс жоспарына сай республикалық және жергілікті мемлекеттік органдардың 500-ге жуық басшысының есеп тыңдалған.
Ал Мемлекеттік қызмет істері бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі Шыңғыс Лепсібаевтың пікірінше, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тәуелсіз қоғамдық кеңестер бюджет қаржысын тиімді жұмсаудың бақылаушысына айналу мүмкіндігіне ие.
«Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар қызметін ұйымдастыруда, дербес бақылауда қоғамдық кеңестердің рөлі зор. Бұл тегеурінді тетік бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етіп, қаржыны белгіленген мақсатта жұмсалуына бақылайды. Өкініштісі біздегі министрлер мен әкімдер қоғамдық кеңестердің қызметін дұрыс бағалай алмай жатады», – дейді Ш.Лепсібаев.
Бұл орайда жергілікті жерлерде қоғамдық кеңестің тиімділігін көрсететін жарқын мысалдар көптеп кездеседі. Мәселен Қарағанды қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің жұмысы қоғамдық кеңес мүшелерінің араласуымен реттелген. Теміртау қаласында да мектеп құрылысы кезінде бюджет қаржысын оңды-солды шашуға ниеттілерге кеңес мүшелері тосқауыл болған. Олар сондай-ақ нысан құрылысының сметалық құжатта көрсетілген барлық талап-ережеге сай болуына баса назар аударып, жауаптылардан нәтижелі жұмысты талап ете алған.
Қоғамдық кеңес бұқара мен билік арасындағы алтын көпір. Оның тәуелсіздігі мен қызметін кедергісіз атқаруына көмектесу арқылы жергілікті атқарушы органдар сенімді «көмекшілерге» иек артады. Осылайша қызметіне кіріскен аз ғана уақыт ішінде бұл институт өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді.