Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Алматы бөлімшесінде аса ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлаудың қылмыстық жолдарын ашқанын мәлімдеді.
Тергеу мәліметтері бойынша, жалақыны есептеу үшін «SAP HRP» бағдарламасы мен кәсіпорынның Интернет-банкингі арасындағы интеграцияның болмауына байланысты алаяқтық әрекеттері іске асырылған, яғни бухгалтерлік есеп қызметкерлерге жалақы бойынша қажетті сандарды қоюға мүмкіндік берген.
«Төрт жыл ішінде артық төлемдер сенімді адамдардың картасына аударылып, артынша қолма-қол ақшаға айналдырылып, ұйымдастырушыларға беріліп отырған. Бүгінгі күні айыпталушы адам сотқа тартылды», – делінген Бас көлік прокуратурасының хабарламасында.
Бұған дейін кәсіпорында осындай қылмыс жасау арқылы 80 млн теңгеден астам ақша ұрлаған үшін 2023 жылдың қаңтарында жетекші бухгалтер Ж. Құндақбаева сотталды.
Жыл сайынғы аудиторлық тексерулер бұл кемшіліктердің барлығын анықтаған жоқ. Оларға құқықтық баға беру үшін сотқа дейінгі тиісті тергеу басталды.
«Сондай-ақ «SAP HRP» бухгалтерлік бағдарламасы «ҚТЖ «ҰК» АҚ көптеген кәсіпорындарында жұмыс істейтіні белгілі болды», – дейді ведомство өкілдері.
Көлік прокуратурасы мұндай ұрлыққа тосқауыл қою үшін ұлттық оператордың атына қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарау, бухгалтерия қызметкерлерінің негізгі іс-әрекеттерін цифрландыру және осы саладағы жұмысты тиісінше ұйымдастырмағаны үшін кінәлі лауазымды адамдарды жауапқа тарту туралы ұсыныс енгізді.