arasha.kz

Құқықтық мәдениет – қоғамның құндылығы

Еліміз өз алдына бөлек жұрт атанып, Тәуелсіздік алғалы бері мемлекет мүддесі үшін көптеген принциптерді басшылыққа алды. Соның бірі әрі бастысы – азаматтық қоғам құру. Ал оның діңгегі құқықтық мәдениеттің дамуы арқылы нығая түседі. Әр азаматтың санасы, құқықтық мәдениетінің дамуы іс-әрекетінен көрініс тапса ғана келешекке нық қадам баса аламыз. Әріден алғанда, біз жиі айтатын дамыған батыс елдерінің өзі қазіргі жетістігіне құқықтық мәдениетін гүлдендіру арқылы жетті. Сонымен, елімізде бұл процесс қалай жүруде?

Заң – халықтың құбыласы

Әртүрлі заңдарды қатаңдату жайына келгенде кей азаматтар қарсылығын көрсетіп жатады. Алайда пайдалы түстарын ескермей өтетініміз жасырын емес. Мәселен, елімізде ең алғаш жол ережелерін қадағалауға арналған «Сергек» камелары шыға бастағанда, жүргізушілер қауымы қарсыласқан. Бірақ көп уақыт өтпей соның арқасында жүргізушілер ережеге бағынып, тәртіп сақтауды үйренді. Сол секілді қоғамдық орында ішімдік ішпеу, темекі тартпау, түкіруге тыйым салудың бәрі заңмен реттелгені – қорқатын жағдай емес. Осындай елеусіз саналатын дүниелердің бәрі – азаматтардың қоғамдағы құқықтық мәдениетінің өлшемі болып кетуі мүмкін. Сондықтан заң әр адамды тәрбиелеп, құқықтық мәдениеттің шыңына жеткізе алуы тиіс.

Заң қатаңдатыла беруін адамдардың хақы таптала түседі деп түсінбеген жөн. Адамдардың белгілі бір мүдделеріне қатысты заң нормалары тұлғалардың санасы мен еркіне сүйеніп әзірленеді. Сондықтан да сол заң нормаларында көрсетілген талаптар да адамдардың саналы әрі ерікті іс-әрекеттері нәтижесінде орындалмақ. Өткен ғасырдағы Ахмет Байтұрсынұлы «заң шығарушылар халықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін жақсы білуі тиіс. Оны білмей шығарған заң халықтың түзелуіне емес, бұзылуына себеп болмақшы» деген пікірі тек қана заң шығарушылар үшін ғана емес, заң үстемдігіне жетуге талпынған барлық азаматтарға алтын қағида болары хақ.

Еліміз азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды белсенді жүзеге асыруда. Азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын, құқықтық нормалардың сақталуы да, мүлтіксіз орындалуы да, іске асырылу деңгейі де жоғары бола түспек. Дамыған мемлекеттің азаматы «құқықтық талаптарды міндетті түрде мүлтіксіз орындау қажет, себебі бұл менің өміріме, қоғамның дамуына пайдалы» деген нақты қағидамен жүреді.

Тәртіп «тақтан» тайдырмайды

Құқықтық мәдениетке қарама-қайшы келетін құбылысты құқықтық нигилизм ретінде бағалаймыз. Оның пайда болуына не себеп болады? Ең алдымен азаматтардың көптеген бөлігінің заңнан хабардар болмауы, өз елдерінің заңдарын білмеуі, құқықтық тәрбиенің өз деңгейінде жүргізілмеуі негіз. Жалпы, құқықтық нигилизмнің көріністерін тізе берсе болғандай: қолданыстағы заңдарды, нормативтік құқықтық актілерді қасақана бұзу, заң тұжырымдарын сақтамау, орындамау, барлық деңгейдегі мемлекеттік өкілеттілігі бар, басқарушы органдардың іс-қимылдарының үйлесімсіздігі, адамның құқықтарын, әсіресе, өмір сүру, абырой, ар-ождан, қадір-қасиет, тұрғын үй, мүліктік құқықтарын бұзу, тәуелсіздік, мемлекеттік тұтастық идеяларын мойындамай, сепаратистік көзқарасқа бой алдыру. Бұның бәрі құқықтың құндылығын жоюға, жоққа шығаруға бағытталған әрекет болары айдан анық. Яғни, қоғамдағы құқықтық мәдениеттің дамуына үлкен кедергі жасайды.

Тағы бір дәйек, құқықтық мәдениет баспалдағы бесіктен басталады десек – жансақ сөйлегеніміз емес. Мәселен, педагогика ғылымдарының кандидаты Ағима Маханбетова құқықтық мәдениетті енді ес жияр уағында балаға үйретіп, кірпінін бүгіннен қалаған жөн екенін айтады.

«Азаматтарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеудің мақсатын ең алдымен әлеуметтік деңгейде анықтап алғанымыз абзал. Тұлғараалық қарым-қатынас мәдениетіне балабақшадан, мектеп қабырғасынан баулу арқылы өмiрде өзара әрекеттестiктiң iзгiлiк қағидаларын ерiктi түрде орындап, қорғай бiлетiн құқықтық мiнез-құлықты қалыптастырамыз. Осының нәтижесінде өнегелік- құқықтық мәдениеті жоғары тұлғаны әлеуметке қосуға қол жеткізе аламыз. Бұл тұлғаның жауапкершілігі, тәртіптілігі, еңбексүйгіштігі, заңды құрметтеуі, жеке басының намыс сезімі, білімге құмарлығының артуы сияқты іс-әрекетінен көрініс береді. Сондықтан бала кезден бастап әр азаматқа құқықтық білім беру, құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру – әлеуметтік дағдыларды меңгерудің, өмірге бейімділіктің, жеке тұлғалық қабілеттерін қалыптастырудың алғышарты саналады», – дейді маман.

Түйіндей келгенде, құқықтық мәдениетті өркендету арқылы азаматтық қоғамын нықтаған ел – сөзсіз дамудың даңғылына түседі. Тыйым тәртіпке құрылса құба-құп. Қазір еліміз заңдар арқылы азаматтық қоғамның нығаюына ат салысып келеді. Егер заң мен қоғамның үйлесімділігі арта берсе, алдағы уақытта құқықтық мәдениетті одан әрі дамыта аларымызға сенім мол.

Exit mobile version