arasha.kz

Қырғызстанда Күдебаевтың қашуына қатысы бар төрт күдікті ұсталды

Қырғызстанның әскери прокуратурасы қазақстандық генерал Серік Күдебаевтың шекарадан заңсыз өту фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Алматы облысы ішкі істер департаментінің экс-басшысы қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өткен. Расталмаған ақпаратқа сәйкес, бақылау-өткізу бекеттерінің бірінде Шекара қызметінің әскери қызметкері оның Қырғызстан аумағында болуын заңдастырған, деп жазды Zakon.kz.

«Ары қарай Серік Күдебаев «Манас» әуежайы арқылы Түркияға ұшып кеткен.Әскери прокуратура заңсыз көші-қон фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл іс бойынша төрт адам күдікке ілінді. Олар Бішкектегі №1 тергеу изоляторына қамалды, олардың бірі әскери қызметкер болса, қалғандары – бейбіт тұрғындар», – делінген 24.kg таратқан ақпаратта.

Күдебаевтың қашып кеткені 2023 жылғы 3 сәуірде белгілі болды. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Бас прокуратура мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

Exit mobile version