Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы кезінде Украина мен Ресейді кезекті рет бейбіт келіссөздерді бастауға шақырды. Бұл туралы Қытайдың БҰҰ-дағы Тұрақты өкілінің орынбасары Генг Шуанг мәлімдеді, деп жазды Azattyq Ruhy.
«Бұл – соғыстың өршуіне жол бермеудің жалғыз жолы. Диалог пен келіссөздер – алға жылжудың жалғыз әдісі. Тараптар тікелей өзара қарым-қатынас орнатып, дипломатиялық келіссөздерге мүмкіндігінше тезірек оралуы керек», – деді Генг Шуанг.
Ол халықаралық қауымдастық ядролық дағдарыстың алдын алу үшін диалогтың басталуына ықпал етуі керек дейді.
«Біз тараптарды олардың әрекеттерін күшейтпеуі үшін, сондай-ақ бұл қарсыласудың бақылаудан шығуына жол бермеу үшін тағы да ұстамдылық танытуға шақырамыз», – деді ҚХР өкілі.
Айта кетейік, АҚШ Ресей Федерациясының Украинаның маңызды инфрақұрылым нысандарын мақсатты түрде зымыранмен атқылауын соғыстың өршуі деп санайды. Бұл әрекетті олар айыптады.