arasha.kz

Ресей әлем картасынан Украинаны жоюды мақсат етіп отыр – Байден

20 ақпан, дүйсенбіде АҚШ президенті соғыс жүріп жатқан Украинаға іс-сапармен келді. Оның Киевке келетіні туралы алдын ала мәлімет тарамады.

Байденнің аяқ астынан жасаған сапары қысқа болды, бар-жоғы бес сағатқа созылды. АҚШ президенті Украина астанасына таңғы сағат 8 шамасында келді, түске қарай ол еуропаның өзге еліне жол жүріп кетті. Байденнің Еуропадағы сапары осы аптаның соңына дейін созылмақ.

Айналдырған бірнеше сағатта ол Зеленскиймен кездесіп, Киевтің орталығын аралап үлгерді. Өз сөзінде Байден Украинаға қанша көмек қажет болса, сонша көмек беруге уәде берді.

Сонымен қатар ол Киевке тағы да 500 млн доллардың әскери көмегін беретінін жеткізді. Оның айтуынша, әділетсіз әрі қатал соғыста жеңіс күнін тойлау әлі ерте.

«Алдымызда өте ауыр күндер, айлар мен жылдар күтіп тұрғанын білеміз. Алайда, Ресей әлем картасынан Украинаны құртуды мақсат етіп отыр. Путиннің басқыншылық соғысы сәтсіздікке дұшар болады», – деді Джо Байден.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанның айтуынша, Ақ үй Байденнің Киевке сапары болатыны жайлы Ресейге ескерткен. Бұл ядролық екі державаның арасында қақтығыс болдырмас үшін жасалған.

Exit mobile version