arasha.kz

Ресейден қашып келгендер арасында қылмыскерлер көп – Полиция

Елімізге ағылып жатқан ресейліктер арасында қылмыстық іспен айыпталған күдіктілер де бар.

Павлодар облысы Полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров халықаралық іздеуде жүрген 21 жастағы ресей азаматы Павлодарда ұсталғанын мәлімдеді.

Айтуынша, күдікті Омск облысында алаяқтықпен айналысқаны үшін күдіккке ілінген. Қазір ол қамауға алынған.

Сондай-ақ, Ертіс ауылында есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін іздеуде жүрген 69 жастағы күдікті ұсталған. Ол 2014 жылы Омск облысындағы қылмысы үшін күдікке ілінген, бірақ содан бері жасырынып жүрген.

Ресейден қашып келген тағы бір күдікті Ақсу қаласында ұсталды. 41 жастағы ер адамға Иванов қаласында қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеу салынған.

Палодар облысында іске асырылған «Іздеу» жедел алдын алу шарасы кезінде 13 қылмыскердің тұрғылықты жері анықталған.

Ұсталған ресейліктер туралы мәлімдеме оларға іздеу салған органдарға хабарланды.

Exit mobile version